26 қар, 2024 сағат 19:41

«Ауыл аманаты» игілікті бастама

 

Фото: okg.kz


Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел көлемінде іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік сыйлаған бастама. Себебі, осы бағдарламаның игілігін көрген тұрғындардың бірі жаңадан кәсіп бастаса, бірі кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартып жатыр. Демек, халықты аграрлық бизнеске тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін молайту мақсатындағы мемлекеттік жоба жоспарға сай орындалу үстінде.

 

Атап айтар болсақ, биыл Түркістан өңірінде 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілген. Аталған жобалар балық, құс және мал шаруашылығын жандандыру, кәсіпорындар мен 

кооперативтерді техникамен қамту, жеңіл өнеркәсіп сынды бірнеше бағытқа негізделген. Олардың арасында ерекше өнім өндіріп, мол сұранысқа ие болғандары да бар. 


Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бағдарламаға 16 аудандағы 64 ауылдық округтің тұрғындары қатысты. Кооперативтерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Сонымен қатар, биыл өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылған. Онлайн қабылдау жүйесі – кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізіп жатыр екен. 


Айта кетсек, 2023 жылы аталған бағдарлама аясында Түркістан өңірінің тұрғындары үшін республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінген еді. Нәтижесінде 6 бағыт бойынша 3200-ден аса жоба қаржыландырылып, бизнес бастамалар жүзеге асырылды. Одан бөлек, кәсіпкерлік саласында 3413 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, былтырғы жоспардың орындалу көрсеткіші 103 пайызды құраған. Сәйкесінше бағдарлама аясында өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан өңірі республика бойынша көш басынан көрінді. Яғни түркістандықтар «Ауыл аманатының» игілігін көріп жатыр деуге толықтай негіз бар.

 

Дайындаған Б.Мейірханұлы.