15 нау, 2021 сағат 17:37

БҒМ: Қазақстан тарихы бойынша базалық мектеп оқулығын даярлау мәселесі талқыланды

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов тарихшы ғалымдармен кездесті. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Алматы қаласында тарихшы ғалымдармен және тарих пәнінің мұғалімдерімен кездестім. Жиын барысында Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында міндеттеген тапсырмаларын орындау барысын талқыладық» деп жазды министр. 
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды, сондай-ақ Қазақстан тарихы пәні бойынша бірыңғай оқулықтарды дайындауды тапсырған болатын. 
«Ғалымдармен және мұғалімдермен Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері, Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды, Қазақстан тарихы бойынша базалық мектеп оқулығын дайындаудың ұйымдастырушылық және әдіснамалық мәселелері, мектептерде тарихты оқыту проблемалары, оның ішінде үлгілік бағдарлама дайындау туралы мәселелер талқыланды. Бұл ортақ жұмыстың маңызы зор. 
Бұл жұмыста науқаншылдық пен асығыстық болмау керек екені де түсінікті» делінген хабарламада. 
Ведомство басшысы министрлік тарихшы ғалымдар мен мұғалімдердің айтқан ұсыныстары мен идеяларын ескеретінін атап өтті.
«Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмысқа барлық тарихшыларды қатысуға шақырамын. Өз ұсыныстарыңызды Ғылым комитетінің корпоративтік поштасына [email protected] жіберуді сұраймын» деп түйіндеген сөзін Асхат Айманбетов.