Фото: ашық дереккөз
«Зәке, сен мені кешір! Мен шаршадым» деп, шаршаңқы, әлде масаңқы күйде мұңын шаққан Мақпал Жүнісованың видеосы әлеуметтік желілерді шулатқанына көп уақыт өткен жоқ. Танымал әншінің көңіліне қаяу түсіретін нендей жағдай болды деп, өнер адамдары өре түрегелді. Қолдап жазбалар жазды, қорғап, дұшпандардан арашалап алды. «Жақсы адамға шаң жуымайды» дейді ғой, даттағандар болғанымен, халық сүйіктісінің жағына шығып, қолдағандар қарасы одан да көп болды. Әнші «Din Dina Show» бағдарламасында ағынан жарылып, кейінгі кездері мазалап жүрген не жағдайлар екенін айтып берді.
Атышулы видеода әнші Заманбек Нұрқаділовтен қалған екі зәулім үйді атап өтеді. Ол осы екі үйді күтіп-баптаймын деп шаршағанын да айтты. "Пеш атылып жатса, үйдің бәрі азынап тұрса, қалай шаршамайсың?" дейді әнші. Зәулім үйлерді сатпауға Зәкеңнің аманаты кедергі болып тұрған сыңайлы:
"Үйді сатпайтын болдым. Зәкеңнің өз елінде мұражай ашпақшы екен. Дүниесін сол жаққа тапсырамын. Жартылай беріп жібердім. Ол үйдің біреуін Мерейге атаған. «Мерейді осы жерден ұзатамын» деді. Күйеуге шыққаннан кейін осы жерде тұрады деді. «Осы үйде ұзатамын» деген әңгімесін бүкіл туысқандар біледі, таныстар біледі, бәрі естіген. Мен де енді Мерейді ұзатамын деп сол үйді сақтап отырмын", - дейді әнші.
Ал видеолар сериясынан кейінгі хейтке Мақпал Жүнісова тік тұрып, төтеп бергенін айтады. Кешірім сұрауға да жөнім жоқ деп отыр.
"Мен кешірім сұрайтындай, ешкімнің басын жарған жоқпын, ешкімді атқан жоқпын. Хейт маған ауыр тиген жоқ. Мен мұндайға үйренгенмін. Сол видеодан кейін талай жерге барып ән айтып келдім. Ешкім маған ештеңе деген жоқ. Сондықтан да дұшпандарға да мереке сыйлап тұру керек анда-санда", - деп әзілдеді әнші.
Мақпал Жүнісова бірнеше жыл бұрын да, әлеуметтік желіні шулатқан видео жариялап, сөзге қалғаны бар. Онда қызына бар шындықты айтқанын, содан кейін екеуі арасында жанжал туындағанын айтып, халыққа мұңын шаққан еді. Кейін түсіндіргендей, ол туған бауырының қызын асырап алған.
"Маған бауырдың баласы ауыр болған жоқ. Мен оны аламын деп те ойлаған жоқпын. Жоспарлап, бауырымыздың баласын алайық деген ойда да болмаған дүние. Келін екі қыз туған ғой, содан үшіншісі де қыз болғанда бауырым «Төркініңе кет» деп, әңгіме айтады. Сол әңгімені естігенде, мен үйде ашуланып, Зәкеңе: «Құдай-ай, бізге бала бермей жатқанда, мыналардыкі не әңгіме?» дегенде, Зәкең «Осы сәтті пайдаланып қалайық, сен де бақытты болшы» деп, ана қызды алып кеттік. Қыз келген соң өміріміз керемет болып кетті, шыны керек. Өзім туғандай болдым. Ешкі сатып алып, өзім сауып, ешкінің сүтімен өсірдім. Зәкең де бір туысқанды жолатпай, ауыртып қоясыңдар деп, қатты жақсы көрді. Зәкең өзі оған массаж жасап, өзі жуындырып, онымен ойнап, бала сияқты жүретін еді", - деп еске алды Жүнісова.
Қызына шындықты айтуға Зәкеңнің аманаты сеп болған. Көзі тірісінде қайраткер қызы 18-ге толғанда бар шындықты айтамын деп сөз берген екен.
"Қыз 18-ге толғанда мен айта алмадым. 20-ға жақындағанда айттым ғой деймін. Ол енді өсті ғой, жігіттер кездесуге шақырады, танысады. Елім «Албан» дейді, бірақ ол Албан емес қой, Қаракесектің қызы, Арғын. Содан кейін шындықты айтуға бел будым. Ол өзінің тегін, өз руын білуі керек. Ертең күйеуге шыққанда өмірін өтіріктен бастай ма?", - дейді әнші.
Танымал тұлға, мүйізі қарағайдай саясаткермен бас қосамын деп, әншінің тағдыры сынақтарға толы болған сыңайлы. Әнші мұндай тағдырды әу баста қаламағанын да жеткізді.
"Оның есігін қағып, байға шығамын деген жоқпын. Ол кісі өзі маған ғашық болды да, ол өзінің дегенін жасады. «Сені шешең берсе де, бермесе де, сені аламын» деді, болды. Қолында билігі болды, артында біз қорқатын адамдар болды. Біз қорықтық одан, шыны керек. Кейін 1-2 жылда сыйластық келді", - деп әңгімелейді отбасылық өмірі туралы.
Қоғам қайраткерімен сынаққа толы өмірінде тіпті қастандыққа да тап болғанын айтады. Мұны күйеуінің дұшпандары емес, туған қызы жасағаны да көңіліне қаяу түсіріп, жылдар бойы жалғасқан дұшпандыққа әкелді.
"Республика Сарайының жанында, концерттің алдында Құралай пышақтап кеткен. Пышақ қолыма тиді, әлі де тыртық бар. Концерттен кейін «Мақпал, президентке дейін жетіпті. Ертең милиция келеді, менің қызым деп жазбашы» деген Зәкеңнен өтініш хат келді. Сол кезде "Зәкең елінің азаматы ғой, тірі қалдық қой, әйтеуір" деп оның қызы емес деп жазып бердім. Сіңлім Марал жанымда тұрып, «Ертең өлтіріп кетсе кім жауап береді?» деп ұрысты маған. «Қаланың дардай бастығы, обал ғой сондай азаматқа. Халыққа қандай жақсылық жасап жатыр» деп, мен жасөспірімдер қастандық жасады деп жазып бердім. Әкесінің абыройын ойлап, оны кешірдім. Бірақ ол мұны түсінді ме?", - деп күйінді Жүнісова.
2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды. Салтанатты жиынға қоғам қайраткерінің үлкен ұлы мен қызы қатысты. Алайда, өмірінің соңында жанында болған жары - Мақпал Жүнісова шарада көрінген жоқ.
"Өзін-өзі атты деген нәрсе әлі тұр ғой. Соған қарамастан барып ескерткіш ашамыз дейді. Сондай тіріліп келе ме ол кісі?", - дейді әнші.
Оқи отырыңыз: "Мақпалды ақтамаңдар": Өнер адамдары Мақпал Жүнісоваға қолдау білдіріп жатыр