Фото: canva.com
Отбасы банктің басты мақсатының бірі – салымшыларды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл туралы "Отбасы банк" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
"Банк 11 ай ішінде 32895 заем берді, оның жалпы сомасы 571 млрд теңгені құрады. Оның ішінде кезекте тұрған салымшыларға 7861 заем берілді. Басқа да бағдарламалар бойынша 25034 отбасы жаңа пәтерге кірді. Оның 40 пайызын "Наурыз" және "Отау" бағдарламалары құрайды. Осы арқылы 9370 отбасы баспаналы болды. Жалпы сомасы – 240 млрд теңге. Бағдарламаны нақты жүзеге асыру осы жылдың маусым айынан басталды. Келесі жылдың басында жалғасады", - деді Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысында.
Биыл екі мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға тұрғын үй беру жүргізілді.
"Наурыз" және "Отау" бағдарламалары бойынша 68700 ұсыным берілген.
"Дегенмен де, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстары бойынша тұрғын үйге дефицит байқалады. Бұл келесі жылы да қайталануы мүмкін. Келесі жылы "Наурыз" бағдарламасы бойынша 300 млрд теңге берілу жоспарланып отыр. Бағдарламаға талдау жасау арқылы екі мәселе анықталды. Біріншісі – көптеген сатып алушылар тұрғын үйді дайын күйде алуды қалайды. Өйткені жөндеу жұмыстарына шығын көбейіп кетеді. Сондықтан банк тұрғын үй құрылыс компанияларының ассоциациясымен бірқатар кездесулер өткізді. Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды, ал сатып алушылар порталдағы пәтерді 10 пайызды салу арқылы алуға келісім береді. Бұл 2025 жылдың бірінші қаңтарынан енгізіледі. Екінші мәселе – бағдарламаға қатысу үшін салымшыда депозитте тек 1 млн теңге болу шарт еді. Конкурсты жеңген салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20 пайызын салуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 2,5 мыңнан астам өтініштің 39 пайызында ғана 20 пайызды құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысушылардың депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді", - деді спикер.