04 жел, 2024 сағат 14:08

«Мәдениет туралы» жаңа заң жобасы нені қарастырады?

Фото: turkystan.kz алынды
Бүгін Парламенттің төменгі палатасында «Мәдениет туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы» қорытынды отырыс өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Заңға сәйкес қазақ тілін мәдени құндылық ретінде сақтау және қорғау мақсатында заң жобасында қазақ тілінің барлық жанрлары мен стильдерінің мәтіндерін қамтитын қазақ тілінің ұлттық корпусына негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі —  қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру көзделеді.

Қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау мақсатында заң жобасында жасанды нейрондық желілер технологиясына негізделген қазақ тілінің үлкен тілдік моделін жасау ұсынылады.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар тәлімгерлік институтын регламенттеуге және білім беру мәселелерін шешуге бағытталған нормаларды көздеді.

Талантты оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында заң жобасында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беру жөніндегі норма көзделген.

Бұдан басқа, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия айқындайтын тізбе бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар және орындаушылар конкурстардың жеңімпаздары үшін бакалавриат деңгейінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының бағдарламасы бойынша оқыту мүмкіндіктері кеңейтілуде. Бұл ретте жеңімпаз таңдаған мамандық олимпиада немесе конкурс пәніне сәйкес келген және оларды академиялық оқуға шартсыз қабылданған жағдайда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында оқуға болады.

Тәлімгерлік институтын реттеу мақсатында заң жобасында тәлімгер болуға үміткер адамдарды оқыту тәртібі регламенттеледі, сондай-ақ осындай оқытуды ұйымдастыратын ұйымдардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Сондай-ақ, заң жобасында білім беру саласындағы уәкілетті органның бірқатар құзыреттері нақтыланады.

Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер саласының кеңеюін ескере отырып, депутаттармен заң жобасының атын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізілді. 

Сонымен қатар, депутаттар редакциялық сипаттағы түзетулер мен нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобасының мазмұнын сапалы жақсартатын түзетулер енгізді.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Комитет жұмыс тобының 4 отырыстарын және Комитеттің кеңейтілген отырысын өткізді. Қорытынды салыстыру кестесі қабылданған 17 позицияны қамтиды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберді.