02 жел, 2024 сағат 16:43

Моананы қазақша көру мұң боп тұр


© Bluraymania.com.ua
28-қарашадан бастап еліміздің кинотеатрларынан Walt Disney Pictures кинокомпаниясы түсірген “Моана 2” анимациялық мультфильмі көрсетіле бастады. Оны Disney компаниясы өз қаражатына  қазақ тіліне дубляждады. Мультфильм жақсы қаралым жинаса компания басқа да өнімдерін қазақ тіліне дубляж жасап шығармақ ойда. 


Алайда мультфильм үлкен экраннан көрстіле бастағаннан дауға қалды. Мәселе тағы да қазақ тіліндегі көрермендердің құқығына келіп тірелді. Көрермендер бұл мультфильмінің қазақ тіліндегі көрсетілімі аз, әрі ыңғайсыз уақытқа қойылғанына шағымданып, желіде жазба жариялап жатыр.

«Қайда барсаң да өлместің күнін көріп тұрған қазақ тілі»

Жазушы, журналист Серікбол Хасан Facebook тағы жазбасында мультхикаяның “қазақша дубляжы шықты деген аты ғана” деп отыр. 

“Кинотеатрлар “Моана 2” мультфильмінің қазақша сеансын өте аз уақытқа қойған. Кешкіге мүлдем жоқ. Орысшасы 80 пайыз, қазақшасы 20 пайызға да жетпейді. Ең болмаса 50 де 50 қылса қайтер еді? Қазақ тілін дамытайық дейді, мынадай көзқараспен қалай дамиды? Қайда барсаң да өлместің күнін көріп тұрған қазақ тілі”- деді ол.


Ал, SMM маманы, желі қолданушы Жалғас Ертай қазақ тілінде көрсетілетін фильмдерге сұраныс артқанын айтып, билікке талапты күшейту керек деп есептейді.

“ Қызымды ертіп, Моана 2 фильміне барып келдім. Адам қарасы көп, балалы отбасы көп, қазақша дубляждалған фильмдерге бару дәстүрі қалыптасып келе жатқан сияқты. Қазақша сеанстарды ыңғайсыз уақытқа қоюға тырысып, кестеден ығыстырып тастауға асыққан кинопрокатшылардың әрекетіне қарамастан, қазақшасына баратын дағды қалыптаса бастады. Енді 18 жасқа дейінгі балаларға арналған фильмнің бәрін қазақша дубляждауға міндеттеу керек. Биліктен осыны талап етейік”- дейді, Жалғас Ертай желіде.


Ал журналист Әсел Ергеш “Моана 2” мультфильмінің қазақ тіліндегі сеансына тіпті кіре алмағанын жазыпты

“ Моананың қазақша сеансына барайын десек, 17:35-те ғана бар екен. Ол бізге өте ыңғайсыз уақыт. Ал орысша сеансы бір кинотеатрдың өзінде бүгін 8 рет қойылады. Өзімізге ыңғайлы уақытта, орысшасына бара берейін деп тұрмыз. Ал сіздер қазақшасын қолдайық дейсіздер”, - деп жазды журналист.


«Неге қарапайым адам құқымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?!»

Қоғамдық белсенді Бэлла Орынбетова ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, бірқатар Мәжіліс депутаттарына, сонымен қатар Kinopark, Theatres, Kinoplex, Lumiera cinema-ны белгілей отырып:

“ Disney кинокомпаниясының қазақ тіліне (өз есебінен!) дубляждаған «Моана 2» анимациялық фильмі 28 қарашадан бастап кинопрокатта көрсетіледі. Алайда көптен күткен фильмді қызым екеуіміз жұрт қатарлы премьера күні көре алмаймыз. Себебі қазір 28 қараша күні кинотеатрларда Моананың қазақша сеансына жұмыстан кейін өзіміз қалаған уақытта бара алмаймыз. Кино.кз сайтындағы кестені қарайық (Алматы қаласы):
Lumiera Cinema (ЦУМ) 16 сеанстың 3 ғана қазақша (кешкі соңғы сеанс 17.15-те), 
Kinoplexx 7 Sary Arka 14 сеанстың 14 де орысша, 
Kinopark 8 Moskva 8 сеанстың 8 де орысша,
Kinoforum 10 (ТРЦ Forum) 14 сеанстың 14 де орысша. 
Осы елдің азаматы ретінде ашынбай, шуламай, күреспей, жай ғана тып-тыныш қазақша киноға бара алатын күн туа ма екен? Неге қарапайым адам құқымды пайдалану үшін күрескер режимін қосуым керек?!” -деді ол желідегі парақшасында.

Қазақ тілінде 3 көрсетілім, ал орысша 10-нан асады

Осы мәселенің мән-жайын білу үшін ult.kz тілшісі елдегі бірқатар кинотеатрларға хабарласып, «Монана 2» мультфильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы неге үлкен экраннан аз көрсетіліп жатқанын сұраған еді. Алайда: «сұрағыңызды WhatsApp-қа жазып жіберіңіз» деген жауап алдық:

«Оны біз емес, руководство қояды ғой. Бізде үш сеанс бар», -деп қысқа қайырған Kinopark кинотеартының өкілі тілші сұрағына өздері айтқан «руководствосы» қашан жауап беретіндерін нақтылап айтпады.


Назар аударыңыз,  Kinopark.kz сайтында елордадағы сеанстарда қазақ тілінде көрсетілетін «Моана 2» мультхикаясы орыс тілдегі дубляжға қарағанда әлде қайда аз. Қазақ тілде көрсетілетін мультфилмнің саны 3 болса, орыс тілдегі көрсетілімнің саны 10-нан астам.

«Жылына 443 млн теңге бөлінеді»

Бұған дейін Сенат депутаты Айгүл Қаппарова шетел фильмдерінің қазақша дубляжына бөлінетін ақша игерілмей қалғанын айтқан болатын. Ол өз сөзінде шетелдік 15 блокбастерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдауға шамамен жылына 443 млн теңге бөлінеді деген еді. 

“Келер 2025-2027 жылдары дубляжға осы сомада қаражат ескерілген. Алайда 2023-2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, бюджетке қайтарылды. Яғни екі жылда шетелдік фильмдер дубляжданбаған. Бұл ретте көрерменнің әлемдік деңгейдегі туындыларды ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. Атап айтқанда, қаражаттың бюджетке қайтарылуы себебі неде?”- деп сенеторға сұрақ қойған еді Айгүл Қаппарова.


Ал, вице-министр Қанат Ысқақов ең алдымен, голливудтық немесе анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару үшін бірнеше қатаң шарт барын. Әрине, осы шарттар біздің салт-дәстүрімізге, заңнамамызға сәйкес келетінін. Бірақ екі күрделі талаптың барын,  яғни ірі дистрибьюторлық компаниялар оларды жүзеге асыра алмай жатқанын жеткізген еді. 

“Біріншіден, әрбір голливудтық немесе анимациялық туындыны қазақшаға аударардың алдында онлайн сауалнама болуы керек. Оған бірнеше ай керек. Екіншіден, тек қана жоғары рейтинг алуға қауқарлы фильмдер аударылуы қажет деген шарт бар. Осы екі талапты орындау үшін 3-4 ай уақыт өтеді. Бұл уақыт тым ұзақ болғандықтан, оған ешкім қызығушылық танытпайды. Сондықтан министрлік Парламент Мәжілісіне тиісті заң жобасын енгізіп, бұл екі норманы жеңілдету жұмысын атқарып жатыр”, - деген еді Қанат Ысқақов.


Айта кетейік, Қазақстанда қазақ тілі мәселесі өзекті проблема. Мемлекеттік қазақ тілі мен ресми орыс тілінің медиада қолданылу аясында алшақтық өте көп, және тіл талаптары жиі бұзылады деп шағымданушылар да көп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: "Нормально кино түсіріңдер": "Моана" неге дау болды?