27 қар, 2024 сағат 19:24

Ресей президенті Ақордаға келді


Фото: Ақорда
27 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елге Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. Екі ел президенттерінің кездесуі кешкі сағат 17:50 шамасында Ақордада басталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын Астанаға келуімен құтықтап, Ресейді сенімді серіктес екенін айтты. 

«Баспасөзде жарық көрген сіздің мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Өз кезегінде мен де Ресей баспасөзінде өзімнің мақаламда стратегиялық серіктестік, одақтастық туралы айттым. Мен өзімнің мақаламда Қазақстан осындай қиын уақытта Ресейдің сенімді серіктесі болған әрі болатынын атап өттім», - деді мемлекет басшысы.

 
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Известия» газетінде мақаласы жарияланды. Ал Владимир Путиннің «Казахстанская правда» газетінде мақаласы жарыққа шықты. Олар өз мақалаларында екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы айтқан. 

Президенттер Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимінде қатысады.

Путиннің Қазақстанға сапары аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. 28 қараша күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.

Осы шараға орай Астана көшелерінде Ресей туы ілініп, көрші В. Путиннің суреті мен «Ваше превосходительство, господин Владимир Путин, добро пожаловать в Астану!» деген жазуы бар билборд қойылды.

Оқи отырыңыз: "Ваше превосходительство": Ресей басшысын бұлай қарсы алу хаттамаға сай ма?