Фото: malim.kz
Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі орта есеппен 5%-ға жуық қана. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҚР Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Смайыловтың сөзінше мұның негізгі себептері: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.
Мәжілістің тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата тиісті аудит жүргізіп, аудиторлық іс-шара қорытындылары бойынша, 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. "Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр" дейді Әлихан Смайылов.
Оның біріншісі, саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады", -дейді ол.
Премьер-министрдің айтуынша субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар.
"Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі.
Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес.Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын", -деп отыр Смайылов.
Екінші мәселе - Қарсы міндеттемелердің болмауы. Премьер-министр субсидия алушылардың көпшілігі мұндай қолдау шараларын түпкілікті нәтижеге көздемей, өздерінің шығындарын өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайды. Субсидияларды төлеу «әлеуметтік сипатқа» ие болып отырғанын айтты.
"Қарсы міндеттемелердің қажеттілігі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында белгіленіп, 2022 жылдың соңынан бастап енгізілуі керек болатын. Іс жүзінде олар 17 субсидия бағытының төртеуіне ғана енгізілген.Қарсы міндеттемелер нақты, оңай бақыланатын көрсеткіштер болуы керек және субсидиялардың нәтижелілігін көрсетуі тиіс. Ең алдымен, олар өнімділіктің жоғарылауына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет. Бірақ қарсы міндеттемелерді айқындаудың қолданыстағы тәсілдері мұны қамтамасыз етпейді. Олардың орындалуын тексеру алгоритмі құрылмаған. Субсидиялардың 15 бағыты бойынша міндеттемелердің орындалу фактісін растайтын есептілік нысандары жоқ", -деп отыр Әлихан Смайылов.
Үшінші. Субсидиялардың әсерін бағалаудағы формализм. Жоспарлау кезеңінде бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындауға Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы ғана кіріскен. Алайда барлық бағытты қамтымайды. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерінің көрсеткіші жай ғана өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Бұл ауыл шаруашылығындағы сапалы өзгерістерді көрсетпейді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Субсидиялау процесін автоматтандыру мәселесін де айтты. Оның сөзінше «Gosagro.kz» мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі енгізілді. Дегенмен жүйені толығымен іске қосу жұмысы әлі де аяқталмаған. Жүйе тәжірибелік пайдалану режимінде 2 жыл жұмыс істеп тұр, ал ақпараттық қауіпсіздікке тексеруден өтпеген. Ол субсидиялардың негізді бөлінуіне бақылауды толық қамтамасыз етпейді.
"Анықталған бұзушылықтардың едәуір бөлігін алдын алуға болар еді. Ол үшін тиісті форматты-логикалық бақылау енгізіп, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялауды кеңейту қажет. Алайда субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін субъектілерге субсидиялардың төленгенін, екі қайтара және асыра субсидиялау фактілерін атап өтуге тура келедi", -деді ол.
Смайылов жалпы Жоғары аудиторлық палатаның ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға жүргізген талдауы тиімсіз мемлекеттік қолдауды «әлеуметтік» сипаттан өндірісті дамытуға арналған ынталандырушы шараларға қайта бағыттау қажеттігін көрсетіп отырғанын айтты.
"Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында айтқан болатын. Президент субсидиялар фермерлердің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жұмыс істеуі керек екенін тағы бір атап өтті. Мемлекеттің көмегін тек тұрақты қолдау ретінде пайдаланбай, көрсеткіштерді жақсартуға бағыттау керек", -деген ол субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет екенін де атап өтті.
«Ісіңді тындыр – көмегіңді аласың» дегендей, шаруашылықтар түпкілікті нәтиже бойынша субсидия алуы тиіс. Сонда ғана субсидиялардың арқасында жұмыс істеп тұрған тиімсіз шаруалар одан әрі дамығысы келетін адал фермерлерге жол береді.
Саланың стратегиялық құжаттарын іске асыруға бөлінетін қаражаттың әсерін барынша арттыратындай етіп субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет", -деп айтты ол.
Субсидиялар өнімділікті арттыруға және озық агротехнологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс. Сала субъектілеріне кредит беру, сақтандыру мүмкіндіктерін және басқа да қолдау құралдарын кеңейту қажет екені анық. Мысалы, фермерде кепіл мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік даму институттары тарапынан кепілдік беру маңызды.
«Gosagro.kz» ақпараттық жүйенің басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциясын кеңейте отырып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді жеделдету қажет. Цифрландыру субсидияларды бөлудің ашықтығына және бюрократиялық жүктеменің төмендеуіне әкелетіні анық екенін де айтты.
Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады.
Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің барлық ұсынысы Үкіметке берілген ұсынымдарда және мемлекеттік органдарға берілген тапсырмаларда ескерілді. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істеп, жан-жақты қарастырғаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс айтамыз.