Фото: Gov.kz.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды. Қалаға іргелес аумақтарда тарихи және көне ескерткіштердің орналасуына байланысты туризм дамып келеді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың болуы да облыс орталығын ерекшелендіріп отыр. Өңір басшысы қала дамуына қажетті инфрақұрылымның төмендігін алға тартып, жан-жақты жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі де бекер емес. Облыс орталығында халық саны артып келеді, жұмыс күші де жеткілікті. Барлық жағынан дамуға мүмкіндік бар. Халықаралық әуежайдың салынуы, «Батыс Европа – Батыс Қытай» автодәлізі мен теміржол торабының бойында орналасуы туристерді көптеп тартуға серпін береді. Жуырда өткен инвестициялық форумда біраз келісім жасалды. Соның өзі шаһардың экономикасын көтеруге үлес қосады. Бірақ мұнымен шектелмей, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, қала халқы 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр.
«Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе арттырамыз», дейді қала әкімі.
Соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 трлн. теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Талқылауда Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық туризм басқармасының басшылары баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.
Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 млрд. теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 млрд. теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжамдануда. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 млрд. теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 млрд. теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.
Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл 53,5 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 млрд. теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.