Фото: Gov.kz.
Түркістан облысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен келіп, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге аудандарды аралап, шаруалармен кездесті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрге Ордабасы, Арыс және Шардара аудандарында жүзеге асып жатқан ірі жобалар таныстырылды. Облыс әкімі өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырып, су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп жатқанын жеткізді.
Өңірде алдағы 5 жылда су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға жеткізіп, суармалы алқаптардың 40 пайызына ендіру жоспарланған. Бүгінде су үнемдеу технологиялары 50 мың гектарға ендірілді. Суару технологиялардың қолжетімділігін арттыру үшін, «BNK Group», «Тұран су» секілді 3 жергілікті кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде, осы кәсіпорындар арқылы су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста «ақ алтынның» элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта- тоқыма кластерін құру қолға алынды. Жобаны іске асыру 141 млрд. теңге инвестиция тартуға және мақта өнімділігін 2,5 есе артуына мүмкіндік береді. 4 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы (суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып) 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өңірдің орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
ҚР Ауыл шаурашылығы министрі мен облыс әкімі Арыс қаласында болып, шаруалармен пікір алмасты. Арыста мақта шаруашылығын дамыту ісі басталды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС биыл қолға алған жобаға 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылған. 1600 гектар жерде жүзеге асатын жоба арқылы 9000 тонна өнім алынады деп күтілуде. 40 адам тұрақты жұмыспен, 120 тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылған. Мұнда заманауи тамшылатып суару технологиялары қолданылып, жоғары сұрыпты мақта өсіріледі.
Жұмыс сапары Шардара ауданында жалғасын тапты. Бүгінде Алатау ауылдық округінде орналасқан «International company of Cotton» ЖШС-інде мақта талшығы шығарылады. Аталған жобаға 5475,0 млн. тенге инвестиция тартылған. Жылына 60 мың тонна өнім шығаратын зауытта 200 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдерінің басым бөлігі ҚХР-ға экспортталады.
Шаруалармен кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су үнемдеу технологияларына көшу маңызды екенін айтты. Шаруаларға осы бағытта жұмыс жүргізу жөнінде ұсынысын жеткізді. Мемлекеттік қолдауларды түсіндірді. Аймақтың мақта кластері, ауыл шаруашылығын дамытуда мүмкіндігі жоғары екенін айтып, бастамаларға оң бағасын берді. Шаруалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, келесі жылы ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 900 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын, оның алғашқы 100 млрд. теңгесі биылғы желтоқсан айында дайын болатынын айтты. Ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10%-ға дейін жаңарту мақсатына қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіге кемінде 200 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды каналдарды тазалау, мақта кластерін дамытуға қолдау көрсетіліп жатқанын, шаруалар да өз міндеттерін сапалы орындауы тиіс екеніне тоқталды. Су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы ғана су тапшылығы мәселесі шешілетінін атап өтті. Салық мәдениетін көтеру, аймақтың тазалығына мән беру мәселесі де назарда болуы тиістігін айтты. Кездесуде шаруалар тарапынан да ұсыныстар айтылып, олар бақылауға алынды.
Жұмыс сапары аясында министрге сондай-ақ Ордабасы ауданындағы «Аделя» шаруа қожалығының жетістіктері таныстырылды. Еліміздегі үлкен жылыжайлардың бірі жылына 6 мың тонна көкөніс шығарады. Жер аумағы – 16 гектар. Министр жылыжай шаруашылығында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары екенін айтып, осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керектігін жеткізді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі аймақтағы жобалармен танысып, өзекті мәселелерінен де құлағдар болды. Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды ендіру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, биылғы 9 айда Түркістан облысында ауыл шаруашылығында 747,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр.