Коллаж: Stan.kz
«Қазақстан авторлары қоғамы» (ҚазАҚ) ұйымы сайттарында жарияланған «іздеудегі әртістер тізімі» туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz ақапарт агенттігіне сілтеме жасап.
Ұйым сайтында «іздеудегі авторлар» тізімі жарияланып, онда танымал әншілер мен музыканттар, соның ішінде Әли Оқапов, Димаш Құдайберген, Дархан Джуз, Иманбек, Қайрат Нұртас, Raim & Artur, RinGo, Sadraddin, Say Mo, Son Pascal, M'Dee, V $ X V PRiNCE, Ғалымжан Молданазар және басқа да өнер адамдары көрсетілген.
Барлығы 421 орындаушыға «іздеу» жарияланған. Тізімде ҚазАҚ-қа авторлық туындыларын пайдаланғаны үшін тиісті төлемдерді өтеуі тиіс өнер иелері бар. Олар тізімнен өз есімдерін тауып, ұйыммен байланысқа шығуы қажет.
ҚазАҚ басшылығының айтуынша, бұл қадам – авторлардың еңбегі үшін әділ қаламақы төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бас директордың орынбасары Әнуар Ерсұлтанның сөзінше, ұйым авторлардың төлемдерін беруге дайын, алайда кейбір авторлар өз реквизиттерін ұсынбағандықтан, қаражат жетпей жатады.
«Өнер адамдарының менеджерлері мен директорлары бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, авторлық құқықтар туралы хабардар болуы керек. Біз әрқашан байланысқа ашықпыз, тиісті қаражатты беруге дайынбыз», – деді ол.
ҚазАҚ-тың авторлық құқықтарды қорғау бойынша барлық қажетті аккредитациясы бар екені әділет министрлігінің сайтында да көрсетілген. Ұйым өкілдері Meta компаниясымен келіссөздер жүргізу құқығына ие екенін мәлімдеп, сандық сегментте де авторлардың мүдделерін қорғауға дайын екенін айтты.
Бұған дейін Қазақстан авторлар қоғамының талаптарына байланысты Instagram-да кейбір қазақстандық әндер қолжетімсіз болған. Бұл жағдай әншілер мен композиторлар арасында пікірталас туғызып, ҚазАҚ-тың қаржылық есеп беруі мен төлем жүйесіне қатысты сұрақтар туындаған.