29 қар, 2024 сағат 19:42

Қазақстан жастарының жаңа белесі: «Fenomen Jas» жобасы нәтижелері

Сурет Қызылорда облыстық “Жас Ұлан” ББЖҰ” ҚБ ұйымынан

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесіп, 2023-2024 жылдары «Fenomen Jas» әлеуметтік жобасын жүзеге асырды. Жобаның мақсаты – тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен қазақстандық жастарды насихаттау, олардың қоғамға қосқан үлесін дәріптеу, NEET жастарына үлгі көрсету және мемлекеттік бағдарламаларға тарту.

Жоба аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. ZOOM платформасында әр өңірден іріктелген 20 белсенді жас өкілінің қатысуымен мотивациялық кездесулер өткізіліп, оған 1137 адам қатысты. Сонымен қатар, «Jastar tańdaýy» атты 100 күндік марафон ұйымдастырылды. Марафон әлеуметтік, шығармашылық, интеллектуалды және физикалық бағыттарды қамтыды. Екі жыл ішінде 237 қатысушы марапатталып, жүлде қоры 500 000 теңгені құрады.

Қазақстанның үш қаласында TED Talks форматында офлайн шаралар өткізілді. Сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нетворкинг алаңдарында қатысушылар арасында идеялар мен ұсыныстар талқыланды. Бұл іс-шараларға жалпы 512 адам қатысты. Сонымен қатар, «Soft skills», «Time management», «Командамен жұмыс» сияқты тақырыптарда семинар-тренингтер ұйымдастырылып, 606 адам қамтылды. Барлық материалдар «Classroom» платформасында жарияланды.

Сурет Қызылорда облыстық “Жас Ұлан” ББЖҰ” ҚБ ұйымынан

Жобаның маңызды бөлігі – «Uly dala saryny» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Жеңімпаздарды анықтау үшін 100-ден астам өтінім қабылданып, 5 номинация бойынша үздіктер таңдалды. Оларға 200 000 теңгелік сертификаттар мен арнайы мүсіндер табысталды. Жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар, жоба аясында табысты жастар туралы 10 сюжет, 5 подкаст және 4 бейнеролик дайындалып, интернет пен әлеуметтік желілерде таратылды. «Fenomen Jas» жобасы қазақстандық жастардың әлеуетін танытуға және оларды қоғамның белсенді мүшесі болуға ынталандыруға зор үлес қосты.

Сурет Қызылорда облыстық “Жас Ұлан” ББЖҰ” ҚБ ұйымынан