Фото: Instagram/daulet_mukayev
Блогер, IT-ағартушы Тимур Бектұр биыл "Құрмет" орденін алған Қыран Талапбек туралы ой толғады. Айтуынша, танымал мобилограф бұл көрсетілген құрметке әбден лайық. Сөзбе-сөз:
"Қыран деген жас бала бар. Сол жігіт биыл “Құрмет” орденін алғанда қатты қуандым. Желідегі халық желдей есіп өсектеп кетсе де, оған көрсетілген “Құрмет” құрметті деген ойдамын.
Неліктен?
Өйткені, біздің биліктегілер қазынаны толтырудың жалғыз жолы - алым-салықтың неше түрін ойлап тауып, жаңадан айыппұлдар шығарып, кәсіп жасаудың халықтық түрлеріне қолдарынан келгенше тосқауыл қойып жатқанда, бұл шынашақтай бала жалғыз өзі жүріп Қазақстанда мобилография деп аталатын жаңа бір кәсіп жолын ашты.
Он мыңдаған өрендей жастарды оқытып, жүз мыңдаған кәсіпкерге тыңнан тыныс ашты.
Ойлап қараңызшы? Ешкімді көшеге бастап шықпай, ешкімге жыламай, ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, әр мобилографтың айлық жалақысы - 200.000 теңге деп есептегенде, 10.000 мобилограф 2 млрд теңге экономикалық айналым жасайды.
Ал енді ойлап қараңыз, еліміздегі әрбір адам осы жігіт сияқты аяқ астынан экономиканың жаңа бір секторын жасап жатыр ма? Жоқ! Осыдан кейін ол “Құрметті” болмағанда, кім “Құрметті” болмақ?
Бұл жерде менің Қыранға қатты қызығатын тағы бір тұсым - жаңа экономика, диджитал трансформация, ІТ саласы деп мен соңғы 10 жылда айтпаған тесігім, жазбаған жерім қалмаса да не әлеуметтік желіде, не шынайы өмірде осындай алапат қозғалыс жасай алмай-ақ қойдым. Мен түгіл еліміздің тұтас университеттері, неше түрлі ІТ компаниялар мен республика аймағындағы барлық ІТ-хабтар ондай қозғалыс жасай алмай отыр.
Тағы да бір қызығатыным: мобилография - диджитал маркетиң мен заманауи PR шарасындағы бір түйір бағыт. Соның өзінен қанша жұмыс орнын, Қазақстанның сервис бойынша жалпы ішкі өнімін қалыптастыруға болады. Ал диджитал медиа, креатив индустрия мен ІТ бағытында мұндай мыңдаған бағыт сол күйі қозғалмастан жатыр.
Біз өзі айналдырған 20-ақ миллион халықпыз. Бұл 20-ақ миллион халықтың әрқайсысына 20 жұмыстан, айына 20 млн табатын экономика қалыптастыруға болады. Кедейлікті түбірімен, жұмыссыздықты тұқымымен жоюға болады.
Бірақ неге екенін білмеймін… Соны істей алмай отырмыз.
Осыған ішім ашиды".