04 жел, 2024 сағат 15:19

«Ойыншыққа айналдыратын зат емес»: Депутаттар қыз алып қашу проблемасын көтерді

Фото:aqmeshit-zhastary.kz алынды
Қыз алып қашу – қазақ қоғамында ұзақ уақыт бойы талқыланып келе жатқан өзекті мәселе. Осы мәселені бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Әбенов көтеріп, оның сөзін Еділ Жаңбыршин қостады, деп хабарлайды ult.kz.

Мұрат Әбеновтің сөзінше қыз алып қашуға заңмен қатаң тиым салу керек.

“Қыз алып қашу жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Өткен жылы 13 қыз алып қашу дерегі сотқа жіберілген болса, биыл тек Түркістан облысында 8 ай ішінде 18 дерек тіркелген. Себебі оған шаралар жоқ”,- деді ол.


Депутаттың сөзінше, бұрын қылмыстық кодекстің 125 бабында осы мәселе қаралғанымен, заңның бір қосымшасы бар, қосымшада егер жәбірленушіні үш төрт күн ішінде босатса қыз алып қашқандар жуапкершілікке тартылмайды.

“Қыз көнбейді, оны көндіреді, қағаз жаздырады, ұялтырады, үш-төрт күн ұстайды, әбден абыройы төгіледі ол қыздың. Содан кейін, қызды жібере салады. Сонда оларға ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Үш жылдың ішінде 214 қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген, оның 10 ғана сотқа барған. Қалған жерде ешқандай қылмыс жоқ деп жабыла салған. Сотқа бармаған, полицияға бармаған қыздарымыз қаншама. Менің ойымша Үкімет бұл салаға дұрыс қарамайды. Менің бірінші берген ұсынысымды жоққа шығарды. Қазір де ұсыныс бердім, барлық мемлекеттік органдар қарсы шықты”,-дейді Мұрат Әбенов. 


Депутат 215 бабты қайта қарап, осы бапқа қосымша қыз алып қашу бойынша бірқатар нормалар енгізуді ұсынды. Одан бөлек депутат Маңғыстау облысында болған оқиғаны еске алып, оқиға бойынша екі рет қылмыстық іс жабылғанын айтты. 

“Маңғыстаудағы қыз әлі жүр. Кімге барамын? Кімге айтамын дейді. Менің ойымша Мәдениет министрлігі, барлық министрлік, Білім министрлігі де осыған қарауы керек. Біз тек қана Парламент, ІІМ деп айтатын болсақ, біз қоғам болып бұл дертке қарсы тұра алмаймыз. Президенттің тапсырмасын бірге орындауымыз керек”,-деді Мұрат Әбенов.


Ал, депутат Еділ Жаңбыршин қаралып жатқан заң алдымен жастардың біліміне ден қоятынын, Мұрат Әбенов көтерген мәселе өзекті екенін жеткізді. Оның сөзінше қазір бұл мәселе қоғамде етек алып кеткен. 

“21 ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адамды салып алып кету. Ол тауар емес, ол зат емес, ол адам ғой. Оның өміріне, тағдырына әсер етеді. Сондықтан көтеріліп отырған мәселе өте дұрыс деп есептеймін”,-деді Еділ Жаңбыршин.


Депутат жігіттердің мұндай әрекеті, мәдениетті қоғамға сай емес екені айтты. 

“Жігіттерді түсінбеймін. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт, неғылған жігіт ол?! Көшеге барып қызды салып алады деген... Бүктеп-бүктеп! Біз дамыған, жетілген, мәдениетті қоғамда өмір сүретін болсақ, мәдениетті жағдайға келуіміз керек”,- дейді депутат.


Одан бөлек депутат, қыз алып қашу ешқандай елде жоқ екенін айтты. Оның сөзінше Еуропада, Ресейде тіпті көршілес елдерде де қызды ұрлайды деген мәселе жоқ. “Оны жасап жүрген өзіміз” дейді депутат. Еділ Жаңбыршин қыз алып қашуды “қоғамда үлкен дерт” деп атап, осы мәселе бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастыру керектігін ұсынды. 

“Мемлекеттік органдарының неге қарсы болып отырғанын түсінбеймін. Яғни олар соны қолдап отыр. Бұл бала-бақшадан бастап балалардың миына сіңіріп қоятын зат болуы керек. Қызды силау, қызды құрметтеу, олар болашақ ана ғой. Біз болашақ аналарды қорғамайтын болсақ, онда мемлекеттің болашағы жоқ деген сөз”,- дейді Еділ Жаңбыршин.


Депутат ел болып қалыптасуымыздың басты себебі қыздарды қорғауымызда деп отыр.

“Бұл күлетін мәселе емес. Бұл ойыншыққа айналдыратын зат емес. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі. Қыздарды қорғағандар ғана ел болған. Біздің қазақ болып отырғанымыз, қыздарды, аналарды қорғағаннан кейін қазақ болып отырмыз. Мемлекет болып қалыптастық. Оларды жетімсіретпей, оларды жесір қылмай қорғадық. Сондықтан Әбенов мырзаның көтеріп отырғаны өте дұрыс”,-деді Еліл Жаңбыршин.


Депутат, жігіттерге қыздарды қорғаңдар, қорламаңдар деп ескертіп, сонда ғана дұрыс мемлекет болатынымызды айтты. Еділ Жаңбыршинның сөзінше, осы мәселе отбасында, білім ордасында бірінші кезекке қойылу керек. Білім министрлігі тәрбие мәселесіне көңіл бөлуі қажеттігін айтып, желіде бұдан да сорақы қылмыстар бар екенін жеткізді.