Фото: Pixabay.com
Қазақстан Ұлттық банкі жылдық базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. Бұл шара инфляциямен күресу үшін қабылданды. Қазан айында инфляция жылдық есептеуде 8,5%-ға жеткен болатын, деп хабарлайды Ult.kz.
Бағаның өсуіне негізгі себептер — реттелетін қызметтердің қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі және ішкі сұраныстың жоғары болуы. Сондай-ақ, әлемдік инфляция, азық-түлік бағасының өсуі және валюталардың ауытқуы да әсер етуде.
Алдағы жылдарға жасалған болжамдарға сәйкес, инфляция фискалдық ынталандыру, коммуналдық қызметтердегі реформалар және сыртқы факторларға байланысты мақсатты деңгейден жоғары болады. 2024 жылы инфляция 8-9% деңгейінде, 2025 жылы 6,5-8,5%, ал 2026 жылы 5,5-7,5% деңгейінде күтілуде.
Қазақстан экономикасы өсе береді, алайда мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы сұраныстың әлсіздігі өсу қарқынын тежейді. 2024 жылға арналған ЖІӨ өсімі 4-4,5% деңгейінде болжануда. Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандырып, 2027 жылға қарай 5%-дық мақсатқа жету үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуды жалғастырады.
«Толығырақ мәліметтер 9 желтоқсанда Ақша-кредит саясаты туралы есепте жарияланады. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2025 жылдың 17 қаңтарында жарияланады», — делінген Ұлттық банк хабарламасында.