20 қараша күні Назарбаев Университетінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Академиялық жинақ “Алаш” қозғалысының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмір бойы жазған еңбектерін біріктірген, деп хабарлайды ult.kz.
Академиялық жинақ автордың көзі тірісінде шығарған шығармаларының толық мәтіндерін және казіргі ғалымдардың ғылыми түсініктемелерін қамтиды.
Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін зерттейтін көптеген кітаптар жарық көрген, дегенмен ғалымның шығармаларын толықтай зерттеп, оларға ғылыми тұрғыдан түсініктеме беретін Академиялық жинақтардың саны аз. Бұл туралы Алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова айтты.
"Ахмет Байтұрсынұлының Академиялық толық шығармалар жинағы тұңғыш рет шығып отыр. Бұған дейін біз Абай Құнанбайұлының академиялық шығармалар жинағын шығарған едік. Бүгінгі шығып отырған 5 томдық жинақ, ғалымның көзі тірісінде шығарған өз шығармаларының толық мәтіндерін және біз оған берген ғылыми түсініктемелерді қамдиды", -дейді ол.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесеріне еліміздің Алаштанушы ғалымдары, Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы Ерахан Қабылұлы мен депутаттар қатысты.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген қонақтар Ұлт ұстазының елеулі еңбектерін еске алып, жазушының өлеңдерінен шумақ оқыды.
Сондай-ақ, Алаштанушы ғалым Қайрат Өмірбайұлы Сақ, Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық жинағын "ғалымның құрметіне қойылған ең құнды ескеркіш" деп атады.
Шын мәнінде Ахмет Байтұрсынұлының шығармалар жинағы қазіргі таңдағы ең құнды кітаптардың бірі болып отыр. Өйткені, ұлт ұстазының мектеп қабырғасындағы бүлдіршінге де, білім алуға ұмтылған тыңдаушыға да пайдалы болатын еңбектері жетерлік. Сол еңбектердің Академиялық жинақ болып жарық көргені үлкен қуаныш. Бұл жинақ ел жастарына пайдалы оқулық қызметін атқарады. Бұл туралы Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова да айтып өтті.
"2016 жылдан бастап еліміз үш тілділік саясатын жүріп жатты. Сол кезде әліппе мектеп оқулықтарынан алынып тасталды. 2019 жылға дейін оқу сауаттылығы деген сабақ енгізілді. 2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев "тамыз кеңесінде" ұстаздармен кездесіп, Ахмет Байтұрсынұлының әліппесін мектептерге қайтарамыз деп уәде еткен еді. Содан кейін, 2020 жылы әліппе мектеп оқулықтарына қайта енгізілді. Қазір мектеп оқушылары Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен білім алып, сауат ашып жатыр. Бұның өзін мемлекет басшысының ұлт ұстазына деген құрметі деп білеміз. Болашақ ғалымдар, білім алып жүрген жастар Ахмет Байтұрсынұлының әдеби, рухани, тіл білімі туралы жазылған барлық шығармалары мен зерттеулерін толық оқуларыңыз қажет", -деді Жұлдыз Сүлейменова.