Еліміз үшін, қазақ тілінің болашағы үшін үлкен қадам жасалды деуге болады. Елбасымыз қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддемізді қорғаудың басты тетігі. Елбасымыз айтқан «Ұлттық кодымызды» сақтау үшін және шетелде тұрып жатқан қандастарымызбен қарым-қатынасымызды жақсарту жолындағы маңызды шешім. Екіншіден, интернеттің кеңінен қолданылуы, халықаралық деңгейдегі сапа, талап тұрғысынан алғанда латын әліпбиі жаңа технологияларды дамытуға ықпал етері сөзсіз. Әлемдік тәжірибе, ішкі және сыртқы тарихи-саяси жағдайлар да осыны көрсетіп отыр. Олай болса, жаңа әліпбиге көшуіміздің маңызды саяси шешім екендігі, түркі әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына, ғаламтор тілін жетік меңгеруімізге жол ашатындығы айдан анық. Лингвистикалық тұрғыдан алғанда, латын графикасының бүгінгі әліпбиімізге қарағандағы тиімділігі мен оңтайлылығы ғалымдар тарапынан толық зерделенді деуге болады. Жүргізілген ғылыми зерттеулер мен салыстырулар осы жайтты нақтылап отыр.
Десек те, қазақ тілі әліпбиінің қабылданған нұсқасы жұртшылық тарапынан әлі де қызу талқылануда. Ана тілімізді елдігіміздің тұғыры деп танитын барша әлеумет ұлтымыз үшін маңызды саналатын жаңа әліпбиге қатысты сауалдарын толассыз жолдап жатыр, пікірлерін айтып жатыр. Кейбір жекелеген сөздердің жазылуына, апострафтардың, үтірлі әріптердің көптігі, қосымшалардың жалғануы, өзге тілдерден енген сөздердің жаңа әліпби нұсқасында берілуі, оқылуына қатысты сауалдар көп. Бұл сауалдардың болуы да заңды. Көпшілік латынға көшу тек әліпби ауыстыру деп түсінеді, бұл реформа негізгі үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережелерін бірдей қамтитындығын, алда атқарылар жұмыстың көп екендігін біліңкіремей жатыр. Жарлықтың өзінде латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу мәселелері белгіленді. Енді алдағы кезең қабылданған әліпби нұсқасына қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін, төл дыбыстарымыздың жеке ерекшеліктерін икемдеу кезеңі болмақ. Көш жүре түзеледі. Бекітілген жаңа әліпби нұсқасы алдағы уақытта ана тіліміздің қоғамдық қызметін толыққанды өтеуіне, тіл үйренушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне жағдай туғызады деген ойдамын.
Әсіресе, бізге, Мемлекетті тілді дамыту қорының бүгінгі жұмысына латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіміздің жаңа серпін берері анық. Қазір бізге елімізден тыс жерлерде тұратын қандастарымыздан, әсіресе, олардың жастар қатарынан көптеген өтініш хаттар түсуде. Қазақ тілін үйрену үшін біздің портал қызметіне жүгінетін шетелдік қазақтар орыс тілін, кириллицаны білмей қиналатындықтарын алға тартады. Сондықтан олар «Soyle.kz» порталының ағылшынша-латынша нұсқасын жасауымызды өтініп отыр. Біз енді осы іске бел шеше кірісіп, «Soyle.kz» порталының ағылшынша-латынша нұсқасын жасап, шетелдердегі қандастарымыз бен өз жастарымызға қазақ тілін латын әліпбиімен үйретуді қолға аламыз. Тіл үйрету бағытындағы болашақта қолға алатын жобаларымызды іске асыруда қазақ тілінің қолданыстағы екі әліпби нұсқасын да ескеретін боламыз.
Азат Шәуеев,
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры