Жуырда Астана қаласындағы «Hilton Garden Inn Astana» мейманханасының «Garden» залында KIB Finance, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Astana Invest» ЖШС, сондай-ақ, қазақстандық және халықаралық қаржылық институттардың ұйымдастыруымен «COCAD «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар қауымдастығының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған ұлттық компаниялар, дамыту институттары, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстандағы дипломатиялық және шетелдік инвесторлардың өкілдері қатысты.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар қауымдастығының президенті Серік Садықовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында сөз болды. Баспасөз мәслихатына халықаралық заңгер, «KIB Finance» өкілі Әйгерім Берекешева, Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов, «Astana invest» ЖШС бас директоры Абай Қожамжаровтар қатысып, өз ойымен бөлісті.
Айта кетерлігі, мемлекеттің тікелей қолдауымен барлық жұмысын жүйелеп отыратын қауымдастық сәуір айында құрылған еді. Ол Қазақстан және Орталық Азиядағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мүшелігі негізінде ұйымдасқан ұйым болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы Жолдауларында елімізге шетелдік инвестицияны тарту және шетелдік әріптестермен бірлескен кәсіпорындар құру қажеттігі туралы жиі айтып келеді. Тіпті Президент биылғы Жолдауда кәсіпкерлік субъектілерінің бірлесуі мен кооперациясының рөліне, сондай-ақ елдің өндірістік әлеуетін жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда «COCAD «Consortium of Central Asia Development» заңды тұлғалар қауымдастығының қызметі сол тапсырмаға қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, ұйым әлемдік нарықта отандық өндірушілердің мүдделерін қорғай отырып, кәсіпкерлікті жан-жақты дамытуға ықпал етуді, экономика, ғылым, сауда-саттық саласында әріптестерді табуға жәрдемдесуді, сондай-ақ, елімізде, шетелдерде сауда-экономикалық қарым-қатынастардың барлық түрін дамытуды ниет етеді.
Осындай салмақты мақсатты арқалаған қауымдастықтың атқаратын міндеті мен жұмыс бағыты да салмақты. Шара аясында бұл жайлы да кеңінен әңгіме болды. Спикерлердің айтуынша, қауымдастық инвестициялаудың негіздемелік жағдайлары туралы ақпаратты ұсыну, инвестицияларға жәрдемдесу, бірлескен кәсіпорындар, техникалық және қаржылық әріптестіктерді құру бойынша әріптестерді табу, қауымдастық мүшелеріне мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңестер беру, ішкі және сыртқы сауда-саттықты ұйымдастыруға жәрдемдесу қатарлы бағыттарда жұмыс атқарады.
Жаңадан тұсаукесері өтіп, болашаққа жол алған қауымдастықтың алғашқы отырысында ынтымақтастық туралы 10-ға жуық келісімге қол қойылды. Олардың бір бөлігі жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің механизмін пайдалану арқылы жүзеге асыруға қатысты болса, екіншісі, әлемдік деңгейдегі модераторлар мен спикерлер қатысатын іскерлік кездесулерді ұйымдастыру, «Қазақстан инвестициялар үшін ашық» роуд-шоуын жүргізу жоспарларына арналды. Сонымен қатар, кездесуде Қазақстанда қаржылық технологияларды дамыту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайту, еліміздің инвестициялық ахуалы және Еуропа елдерінің осы жайлы көзқарастарын бағамдау, экономиканың нақты секторларына инвестициялар құю қатарлы маңызды мәселелер де талқыланды.
Қажет АНДАС