03 мау, 2017 сағат 12:44

Қаланың сапасы мен сәні үйлесім табады

Талдықорған шаһарында жаңа нысандар көптеп салынуда. Сонымен қатар, ескілері жаңартылуда. Сапалы салынуы әкімдік тарапынан жіті қадағаланып келеді.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан  мәдениет басқармасының ғимаратын аралады.

Мердігер компания «Ауылқұрылыс» фирмасы жөндеу жұмысын уақытында аяқтайтынын айтты. Ішкі жұмыстары аяқ­талуға жақын. Әктеу, сырлау шаралары соңына жетіп қалыпты. Сынға алынған мәселе – мекеменің қасында автотұрақтың жоқтығы. – Ғимарат ішіне қаржы басқармасы да орналасады. Яғни, келушілер қарасы көбейеді. Көшеге қойылған көліктер салдарынан ыңғайсыз­дық туындамас үшін  автотұрақ орнату кезек күттірмес мәселе, – деді Лаззат Махатұлы.

Осы орайда, Абай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына автотұрақ орнын белгілеу, дайындау тапсырылды. Бұдан кейін облыс әкімінің орын­басары бастаған тексеруші топ орталық саябаққа барды. Саябақ  қайта қалпына келтірілуде. Мұнда көгалдандыру шарасы да жүргізілуде. Жөндеу жұмысын іске асырушыларға кестеден қалмау, құрылыс материалдарының сапасына мән беру ескертілді. Қаратал өзенінің бойындағы жүзу бассейні кеңейтілуде.

Мердігерлердің айтуынша, демалыс орны шілде айында пайдалануға беріледі. Мұнда жағажай маңында сусын ішетін орынның болуы, суға қайықтар жіберу жайы тапсырылды. Ең терең жері 2,5 метрді құрайтын бассейнде сақтық шаралары да қарастырылуда. Құрылыс нысандарын аралау ары қарай жаңадан ірге көтерген драма театры, Салтанат сарайы, көрме кешенін көрумен жалғасты. Мердігер – «Өнеркәсіп Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі. Мәдениет орындарының ішкі жұмысы мен сыртқы келбетінің келісуі бас­ты назарда. Халыққа қызмет көрсету орындары көпшіліктің келуіне, салтанатты шараларда еркін демалуына мүмкіндік туғыз­бақшы. Оңтүстік-батыс тұрғын ауданында коттеджді қалашығы, жабық бассейн және жеңіл атлетика манежі ірге көтеруде. Заманауи сәулетпен салынып жатқан  құрылыс нысандары әкімдік назарында. Материалдың сапасы мен сәнінің келістілігі үйлесім табады деген сенім бар.

Гүлжан ТҰРСЫН