20 мау, 2017 сағат 09:25

ОҚО-да 6483 мемқызметкер аттестаттаудан өтті

ОҚО-да 6500-ге жуық мемқызметкеркешенді аттестаттаудан өтті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев мәлім етті, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Елбасының «100 нақты қадам» ұлт Жоспарында мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру тапсырмасы аясында жүргізілген кешенді аттестаттау қорытындысын баяндаған департамент басшысы өңірдегі 8 489 мемлекеттік әкімшілік қызметшінің 6483-і аттестатция тапсырса, қалғаны бос орындар мен аттестатциядан босатылғандар екенін жеткізді.

«Ұлт жоспарының бір қадамы бұл - елімізде алғаш рет өткізілген кешенді аттестаттау. Кешенді аттестаттау дейтін себебіміз, бұл мемлекеттік қызметшілерді жай ғана сынақтан өткізу емес.  Аттестаттау кезінде бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған үдеріс - мемлекеттік қызметшінің құзіреттілік қасиеттері сыналады. Қызметшілердің қызметті тұтынушыларға бағдарларлану, қызметті тұтынушыларға хабарландыру, қызметті басқару, ынтымақтастық, шешім қабылдау, жеделділік, өздігінен даму, адалдық, жауапкершілік, бастамашылдық және стресске орнықтылық сияқты құзыреттері бойынша бағалау тестілеу арқылы жүргізілді», - деді Ә.Көмекбаев.

Жалпы облыста барлығы 63 комиссия құрылып, өздеріне жүктелген жұмысты жақсы атқарып шығып, аттестаттауды өз деңгейінде өткізген. Облыста аттестаттаудың тестілеу сатысынан өткен мемлекеттік қызметші ішінде: «өте жақсы» нәтиже алғандары - 1766, «тиімді» - 4482, «қанағаттанарлық» - 222, «ең төмен» деген.көрсеткішті - 13 азамат алған. Ал  аттестаттаудан оң нәтижемен аяқтаған 239 қызметші жоғарылатуға ұсынылған.

Спикердің айтуынша,  аттестаттау барысында ең үлкен жүк ОҚО әкімі аппараты мен Мемлекеттік кірістер департаментіне артылған. Себебі, облыс әкімі аппаратының бірыңғай аттестаттау комиссиясында 946, ал Мемлекеттік кірістер департаментінде 748 қызметші аттестаттаудан өткен.