17 мау, 2017 сағат 12:05

ОҚО-да «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ Ұлттық компаниясының өңірлік өкілдігі жұмыс істейтін болады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ Ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Біржан Қанешевпен кездесті.

Әңгіме барысында Біржан Бисекенұлы облыс әкіміне «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ Ұлттық компаниясының Оңтүстік Қазақстан өңірлік өкілдігінің басшылық құрамын таныстырды.  Бұдан былай аталған  өңірлік өкілдігіне Шахизат Матаев басшылық жасайтын болады.

«Біз аталған компаниядан үлкен үміт күтеміз. Облыс экономикасының әлеуеті зор. Барлық салалаларда жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары. Әсіресе, ауыл, мал, егін шаруашылығы, туризм салаларында, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салаларында мүмкіндіктеріміз мол. Біз  «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ Ұлттық компаниясының жұмысына толық қолдау білдіріп, ашықтықпен жұмыс істеуге әзірміз», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Өз кезегінде Б.Қанешов  инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қызметті электронды жүйеге көшіру, кедендік, өзге де бюрократиялық кедергілерді жою мәселелері төңірегінде компания тарапынан атқарылып отырған жұмыстарғам тоқталды. 

«ҚазақИнвест» компаниясы Елбасымыздың тапсырмасына сай «KazNextInvest»-тің базасында құрылды. Екі айдан бері жұмыс жасап келеміз.  Біздің компания қазақстандық экономиканың басым бағыттарына тікелей инвестициялар тартумен айналысатын болады. Осы бағытта біз Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен және жергілікті компаниялармен жұмыстарды жүйелі түрде  ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Аталмыш компания шетелдік өкілдіктер мен филиалдардың ауқымды желісін қамтып, Үкімет атынан ірі инвесторлармен және «біріңғай келіссөз жүргізуші» ретінде  іс-қимыл жасайтын болады», - деді Б.Қанешов.

Айта кетейік, компания функцияларына инвестициялық жобаларды әзірлеуді қамтамасыз ету, инвестицияны қажет ететін жобалардың тізімін әзірлеу, мақсатты және дайындығы бар инвесторларды тарту жатады. Сондай-ақ ресми тұлғалармен қол жеткізілген  барлық келіссөздерге мониторинг жасап, «Бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетеді.

Бүгінде компания инвесторларды қолдау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу бойынша жұмыс жасап жатыр. Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу арқылы жобаларды жүзеге асыруда виза алу, келіссөздер жүргізу сияқты жұмыстар бірыңғай ақпараттық жүйеде көрсетілетін болады. Әрбір жобаға «KAZAKH INVEST» ҰҚ» АҚ-ның бір-бір қызметкері жауапты болады.