20 қар, 2024 сағат 11:45

Риддерде аурухана кешенінің құрылысына қайтарылған активтерден 28 млрд теңге бөлінді

Фото: Pexels.com

Риддер қаласында 200 орындық стационары және бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң аясында қайтарылған қаржыдан бағытталды, деп хабарлайды Ult.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге, қазіргі уақытта 6,6 млрд теңге игерілді, оның ішінде 2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді", - делінген хабарламада.


Демографиялық жүктемесі жоғары моноқала үшін аурухана кешенінің ашылуы өте маңызды болып отыр. Риддердің халқы 55 мың адамды құрайды, оның 22,7%-ы 60 жастан асқан. Қаланың әр түкпіріндегі 12 ғимаратта орналасқан жалғыз аурухана кешенінің ғимараттары 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Нысандар ескірген және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қосымша кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық және күйік төсектерін ашу қажет. 

Жаңа көпсалалы кешеннің жалпы ауданы – 40 мың м2. Аурухана сараптамалық кластағы медициналық жабдықтармен жабдықталады. Мұнда 500-ден астам қызметкер жұмыс істейтін болады.

Үкіметтегілер мұндай жобалар Риддермен шектелмейтінін айтады. Бұған дейін қайтарылған активтер:  

- Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша,  
- Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешені,  
- Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебі,  
- Арқалықта дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені құрылысына бағытталған.  

Жұмыстар жалғасуда.