13 жел, 2024 сағат 16:52

Шерзат Болаттың отбасына үй беріле ме?


Фото: Қойшыбек Мүбарак

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шерзат Болаттың отбасына көмек көрсету мақсатында демеушілердің қолдауымен үй салып беру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, -деп хабарлайды ult.kz

Әкімнің айтуынша, жергілікті әкімдіктер мен облыстық құрылымдар марқұмның отбасымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мемлекеттік емес ұйымдар мен меценаттар арқылы тиісті көмек көрсетілгенін де атап өтті.

"Қазір меценаттар мен демеушілеріміз үй салуға дайын. Егер мақұлданса, жұмысқа кірісуге дайынбыз. Қазір біз оларға көмек ұсындық. Қыста үйдің тиісті құжаттарын дайындап алайық", – деді әкім.


Шерзат Болат 2023 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында болған төбелесте қайтыс болды. Кейін 12 қазанда оның отбасы тұрған үй белгісіз біреулер тарапынан өртеліп, үлкен қайғыға ұшырады. Бұл оқиға бойынша полиция бес баппен қылмыстық іс қозғап, 11 күдіктіні ұстады. 

Қазіргі таңда отбасыға қолдау көрсету жұмыстары жалғасып жатыр, оның ішінде үй салу мәселесі басымдықта тұр.