Петропавл қаласының тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері саяси қуғын-сүргін боздақтарын еске алу рәсімін Погодин атындағы орыс драма театры жанындағы скверге гүл шоқтарын қоюдан бастады.
Азалы музыка ойналып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Жұртшылық алдында облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгенін, Қызылжар өңірінен 7614 адамның «халық жуы» атанып, түрлі жазалауларға ұшырағанын жеткізді. Олардың арасында Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Сырғабеков, Қайсар Тәшитов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмағали Тілеусин секілді елге белгілі жерлестеріміз бар.
«Өңірде «Память» қоғамдық қоры 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бастамасымен жазықсыз жапа шеккен арыстарымыздың есімдері жазылған мемориалдық тақта, басқа республикалардан күштеп қоныс аударылғандар мен аштықтың азабын тартқандарға арнап ескерткіш орнатылды. Нақ осы жерде НКВД-ның екі қабатты ғимараты болып, тұтқынға алынған жерлестеріміз осында ауыр азап шеккен.
Болашақта музей ашуды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – ата-баба рухына тағзым ету, тарихымыздың қаралы кезеңін ұмытпау, жастардың есіне салу», дейді «Память» қоғамдық қорының төрағасы Сағындықов Болат ақсақал.
Өмір Есқали,