20 мам, 2017 сағат 11:51

Зиялы қауым Махамбеттің әруағына дұға бағыштады



Қазақстан зиялы қауымының өкілдері жыр семсері, алдаспан ақын Махамбет Өтемісұлының әруағына дұға бағыштады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атырау облысындағы Қараой жеріне Әнес Сарай, Сәбит Досанов, Серік Тұрғынбекұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Қасымхан Бегманов, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Роллан Сисенбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Светқали Нұржан, Бауыржан Халиолла, Гүлзада Ниетқалиева, Сәулеш Шәтенова, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш сынды ақын-жазушылар жиылды.

Қонақтар батырға дұға бағыштағаннан соң сол жерде ұйымдастырылған "Махамбет поэзиясы күні" салтанатты шарасына қатысты. Жиылғандар Махамбет тұлғасын ұлықтап, тарихтан сыр шертіп, өлең оқыды.

Шара кезінде сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл күннің той тойлаумен қатар, көп дүниелерді ой елегінен өткізетін уақыт екенін атап өтті.

"Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында елдің дамуы жолында еңбектенген азаматтарды білу, олардың ерліктерін, атқарған істерін халыққа насихаттау, естен шығармай ұрпаққа жеткізу мәселелері айтылды. Тарихты қарасаңыздар қажет кезде өмір сахнаға елім, жерім, Отаным деп, азаттық жолында жанын пида еткен талай азаматтарды шығарып отырған. Солардың бірегейі Махамбет десек артық болмайды, – деді аймақ басшысы.

Айта кетелік, мұндай шара Атырауда 2003 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткізілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиевтың идеясымен өткізілген "Махамбет поэзиясы күнін" биылдан бастап жыл сайын ұйымдастыру жоспарланған. Шара аясында Махамбет сыйлығы тағайындалып, әр түрлі салада озып шыққандарды мараппаттау қолға алынуы мүмкін.