04 жел, 2024 сағат 14:01

Грузиядағы көтеріліс: СІМ өкілі қазақстандықтардың жағайы туралы айтты

Фото:Reuters

Грузияда жаппай наразылық өтіп жатқанына бір апта болды. Митингіде полиция жиналғандарды күштеп таратқан. Онда жас ағызатын газ қолданылып, су шашылып және резеңке оқ атылғаны айтылып жатыр. Мәлімет бойынша 293 адамға әкімшілік, 6 адамға қылмыстық іс қозғалған. 

ULT.KZ тілшісі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтан: "Грузиядағы Қазақстан азаматтарының жағдайынан хабардарсыздар ма? Қазіргі уақытта қанша азаматымыз Грузияда жүр?" -деп сұрады.

"Грузияда қазір нақты қанша адам бар екенін айта алмаймын. Себебі бізде Грузиямен визасыз режим, сондықтан күнделікті ол елге демалуға және басқа мақсатта баратын адамдар бар. Грузиядағы біздің елшілігіміз бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр. Кез келген Қазақстан азаматына көмек көрсетеміз. Біздің желілеріміз әрқашан да ашық. Ақпарат әрқашан whatsapp арқылы немесе басқа желілер арқылы жіберіледі және елшіліктердің сайтында орналастырылады." Сондықтан кез келген азамат Грузияда ғана емес, осы жерде жүрген азаматтар да, олардың туысқандары елшілікке немесе Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, көмек сұрай алады. Осы уақытқа дейін көмек сұрағандар жоқ", -дейді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.


Айта кетейік, Грузия премьер-министрінің елдің Еуропалық одаққа кіруі туралы келіссөздерді төрт жылға тоқтата тұру туралы мәлімдемесінен кейін он мыңдаған наразылық білдірушілер Тбилиси көшесіне шыққан. Грузия Парламентіндегі кезекті демонстрацияны полиция күштеп сейілтті. Бірақ наразылар әлі де шеруге шығуда. "Грузин арманы" билеуші партиясының саясаткерлері мен оның билікке жаңа мандатын заңсыз деп санайтындар арасындағы шиеленіс жалғасып жатыр.