03 жел, 2024 сағат 16:34

Сарбас АҚТАЕВ: «Булгаковты аударамын деп ауырып қалдым»

 Фото: anatili.kazgazeta.kz

Көрнекті жазушы, танымал журналист, білікті аудармашы Сарбас Ақтаев биыл 90 жасқа толып отыр. Оның қаламынан «Дала туралы толғау», «Бұлар бірінші болып еді», «Қапшағай хикаясы», «Алтын қалам», «Шарапатты шаңырақ», «Абылай хан» сынды әдеби-публицистикалық шығармалар дүниеге келген. Сонымен қатар «Тұңғыш кітап», «Оқжетпес» атты өлеңдер жинағы да бар. Көркем аудармамен де айналысқан қаламгер 12 роман, 20-ға жуық хикаят аударған.

– Сарбас ата, ақындығыңызды журналистика үшін құрбан еткеніңізді жиі айтасыз. Журналистика – кәсіп, ақындық талант емес пе? Адам танитыныңыз бар, маңайыңызға мықты журналистерді топтастыра алыпсыз?

– «Ақындықты құрбан қылдым» деп ренжиді деген сөзге орай айтатыным, шынында, ол кезде бұл саналы түрде таңдаған мамандығым болды. Бірақ кейде әртүрлі көңіл күй болады, сондайда «Ақындықты әкімдікке құрбан қып, жүрген жандар нағыз Құдай ұрған жұрт. Жаттап айтқан мың сөзінен әкімнің, Жүрекжарды бір сөзі артық ақынның» деп айтқаным бар.

Ақындық деген сүйекпен бітіп, құйы­лып берілген дүние. Ол қанша құрбан қылғанымен, ешқашан сөнбейді. Ал қабілеттің бір қырын шыңдау үшін, өткірлеп ұштау үшін, бір қырын уақытша болса да, құрбан қылуға болады. Менің «өлеңді құрбан қылдым» дейтінім содан болар. Бірақ өмір-бақи жазып жүрген соң, ол қалмайды. Сені күндіз болмаса, түнде тауып алады.

Шынында да, басылым үшін ақын деген құт, ол – тағдыр тарту еткен несібе. Ақын ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, сауатты, сан салалы болса, ол, әрине, сол ұйымның, сол мекеменің шын мәніндегі тірегі де, ұйыт­қысы да болады. Мен өз басым «Жетісуда» сондай бола білдім ғой деп ойлаймын.

Бастығым Әбдуәли Қарағұлов 62-ге келіп зейнетке шықты. Сонда бірінші орынбасар деп мені бекітуге алып барғанда, Орталық комитеттің бірінші хатшысы «мынау мұғалім екен ғой, журналистикада қайдан жүр» деп ысырып тастапты. Сөйтіп, Жетісудың бір азаматын («Егемен Қазақстанда» суретші болған) бас редактор, мені «Егемен Қазақстанның» бас редакторының орынбасары етті. Әділеттік дейсің бе, әлде бақыт дейсің бе – қалай айтсаң да барабар. Мен «Егеменге» кетерде «Жетісудағы» редакторым «ол жаққа орынбасар болу барлығымыздың арманымыз еді ғой» деді. Содан «Егеменде» табаны күректей 17 жыл отырдым. Әуелі идеолог орынбасар, артынан бірінші орынбасар. Ал идеолог орынбасар болғанда да негізгі жұмыс менде болды. 19 облыста 19 тілшіміз бар, солардың жұмысына басшылық еттім, соларды ұйымдастыру менің мойнымда. Әдебиет, совет, партия тұрмысы, хабар бөлімдері менің қарамағымда. Жұмыс­тың 60 пайы­зы менде болды деген сөз, соны көтере білдім. Онда да газетте көп отырып қалған азаматтар бар екен. Білсеңіз, өзі газетте отырып, газеттен шығып қалатын журналистер болады. Өйткені бұрынғы басшылар хат қорыту, кезекшілікке бару, газет шығару, сенің жұмысың сол, сен ұйымдастырушысың деп қана тәрбиелеген. Сондықтан басшыма айта жүріп, «бұл онша болмас, біз неге облыстардан алмаймыз, мен талай жігітті білемін, бізге бөлім бастығына, тілшілікке жарайтын азаматтар, соларды алайық» деп ұсынып жүрдім. Сөйтіп,  «Егеменге» Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Сабыржан Шүкіров, Тоқтарбек Қызықбаев, Кеңес Юсупов, Зұлқарнай Сақиұлы сияқты қаламгерлерді әр облыс­тан жинадық. Соған қалалық кеңеспен, Орталық комитетпен ақылдаса жүріп, барлығына ұзамай үй алып беріп, алматылық қылдық. Қазір мүйізі қарағайдай ғалымдар шықты, Ержұманды да бізде тәжірибеден өтіп жүргенде, саяси сауаты жақсы, партия тұрмысына алғаш әдеби қызметкер қылып алғанмын. Ал Сауытбек Абдрахманов киностудияда істеп жүр екен, осы бізге кино төңірегін толық білетін азамат жоқ, осыны алайық деп қабылдадық. Осылайша, «Егеменнің» құрамы толықты.

Сұлтан Мұратов, Жүнісбек, Жұмабек Кенжалинді университеттен алып, тәрбиеледік. Кенжалин белсенді студент болды. Университетті қызыл дипломмен бітіріп, Орал жаққа жолдамамен кеткелі тұр екен, «үлкен үйге» барып, жағдайды айтып, алып қалған жігітімнің бірі сол болатын.

– «Ақиқат» журналында басшылық қызметте болдыңыз. Жалпы, журнал тарихи басылым ғой, өзіңіз ақиқаттан аттаған кезім болды-ау деп өкінетін сәттеріңіз бар ма?

– «Ақиқатта» үш жыл бас редактор болдым. Сосын жастарға орын босату керек болды. Бас редакторлықты беріп алқа мүшесі, бөлім меңгерушісі болып қалып, сексенге келгенше істедім. Онда жай бағынышты емес, редакторлардың кеңесшісі болдым, менің кезімде 4–5 бас редактор ауысты. Солардың барлығы да ағалап тұратын.

Біз енді тәртіптің адамымыз ғой. Кемшіліктер болып жататын шығар. Бірақ мен отбасыма, істеген қызметіме, жүрген ортама адалмын. Біреуді артық не кем көргенім жоқ, барлығын тең тұттым.

– Ақын, жазушы, журналист, тіпті аудармашылықтың ауыр жүгін арқаладыңыз. Аудармаларыңызды қазақ оқырманы қалай қабылдады?

– Мен аудармашыға қаламгер болу міндетті деп ойлаймын. Біздің қазақ аудармаларының көбін шенеуніктер аударады, доғал болатыны оны қаламгер аудармайтынынан. Аудармашы әрі қаламгер болу керек, ақын болса құба-құп. Ол зерттеуші болу қажет. Ол көп оқитын болу керек, аударатын тілді ғана емес қазақ тілін жетік меңгеруге тиіс. Бүкіл нюанс­тарын жете білетін адам болуы керек.

– Бүгінде әр сөздің, тіркестің дұрыс не бұрыс қолданылуы туралы айтсаңыз?

– Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би дейді. Осыған менің дауым бар. Біз осы еншілеп алуға құмармыз. Аталарымызға Майқы би Шыңғыс ханның нөкері, қазақ даласынан шыққан 14 би Шыңғыс ханды хан көтерді деген сөз бар. Ол 1200 жылдың шамасы еді, сонда қазақтың тілі сол жылдан қалыптасқан жоқ қой. Қазақ тілі одан бұрын қалыптасқан, оны «түгел сөздің түбі бір, түп атасы түрік тіл» деп өзгертуі керек деп ойлаймын.

«Тең теңімен, тезек қабымен» деп жүрміз. Мұны біз кәдімгі бір жақсы жағынан, тең теңімен деп жастарға байланысты айтамыз. Ол, жарайды, дұрыс болсын, бірақ ол неге тезек қабымен жүреді? Менің ойымша, бұрын керуен тартқан, теңдеп жүк әкелген. Жолда түс­тенген, қонған. Оған от  жағу керек, ол үшін қабымен тезек жүру қажет. Сонда артатын жүк «тең теңімен тұрсын, ал тезек қабымен тұрсын» деген сөз ол.

Дүние жалған дейміз. Ол дүние емес, дүния жалған. Дүния деген өмір деген сөз, ал дүние – мүлік деген сөз. Сондықтан дүния жалған деп жазу керек.

Бауырсақ деген сөзді аударамыз. Ол – піскен нан. Ал қазақ айтқан, «Өгей ене бауырсақ, көрде жатып қол бұлғар» дейді. Бауырсақтың, керісінше, теріс ыңғай мағынасы да бар.

Сұқбат деген сөзді «Егемен Қазақстанда» жүргенде «Сиезден кейінгі сұқбат» деп мен енгіздім. Сұқбат деген әңгіме ғой, орысша «беседа». Абай айт­қан, «жарайды, ер табылса, қылса сұқбат» дейтіні бар ғой. Соған қарсылар да болды. Бірақ сұқбат сөзі сіңіп кетті.

Нарық сөзін де осылай қазақтың санасына сіңіргенмін. Бағдарлама, айқындама, тұжырымдама – соның барлығы мен енгізген дүниелер. «Егемен Қазақстанда» жүргенде жалпы 500-ден аса бас мақала жазған адаммын. Мен олардың барлығы стандарт деп ойламаймын. «Егемен Қазақстанда» сьезден, пленумнан, кейінгі төрт бағандық, бес бағандық бас мақалалардың барлығын жазған мен болатынмын. Өзім жазған бас мақалалардың, мораль тақырыбындағы бас мақалалар бар, солардың, кем дегенде, елу пайызы ағып тұрған публицистика болатын.

– Сіз сойлы авторларды, сүйекті шығармаларды аударған қаламгерсіз. Соның бірі – Булгаков. Михаил Булгаковты аударған, кино түсірген, рөлде ойнаған адамның өмірінде қиындықтар көп болады деп жатады. Сізге қалай әсер етті?

– Булгаковты аударайын деген ойым жоқ еді. «Дәрігердің жазбалары», «Ақ гвардия», «Мастер мен Маргаритаға» батылым бармай, тісім батпай, қолым жетпей жүрген. «Қайтсеңіз де, осыны аударып беріңіз» деп болмаған соң, алғаным рас. Оны көп зерттедім. Ең бастысы, менің бір ерекшелігім, аударған авторымды зерттеп, сол жөнінде эссе дейсің бе, очерк дейсің бе – сондай зерттеу дүние жазамын. Кітапта сол бар. Кітап шығатын болды, артынан қарасам, бұл Булгаковтың шығармаларын киноға түсірген, экранға шығарған, жалпы, осыны зерттеген жігіттердің біразы ішектеніп, ауырады. Рөлін ойнаған әртістер де оқыс оқиғаға ұшырап жатады екен. Мен олай ойлаған жоқ едім, сол жылы белім бастырмай қалды. Сөйтіп, қозғалуым қиын болып, жүре алмадым. Министрлер кабинетінің ауруханасында ота жасап, Петербургтен Қарабаев деген профессор шақыртып, аман қалғанмын. Құдайға шүкір, қазір сегіз жылға жақындады, Булгаковтың бұл шығармасы қазақша екі рет шықты. Оның дұрыс аударылғанына орай «Алаш» сыйлығын берді. Қазақша, қазақ ұғымына келетін дүниелерді ескеру керек. Осындай оқиға болып, отаға түсіп, әйтеуір, аман қалдым. Сондай әсері бар, жалпы, Булгаков деген тегін адам емес.

– Тоқсанның төріне шыққанда, оқу мен жазудың деңгейі қалай болады екен?

– 90 деген оңай жас емес екен, айналайын. 90 – күш-қуаттың қас жауы екен. Көз нашар көреді, құлақ шамалы естиді. Бір өлең шумақтарым ойға оралады: «Көз сығыр, құлақ керең, бас есалаң, Сонда да жүргендейміз есен-­аман. Қанша күн от отап, су ішеріңді, Алла білер, оны өзі шеше ме адам?» деп. Сол сияқты қанша жасайтынымызды Жаратқанның өзі біледі. Оқу шамалы, жазуға көз көрмейді. Кейбір ойға түскен дүниелерді шешелеріңе айтып отырып, түсіретінім бар. Үйге газет-журнал алынады, олардың тек тақырыбын оқып, мына біреуге назар аударуға болады екен деп кейде шешелеріңе оқытып тұрамын. Қазір оның да көзі нашарлап кетті.

– Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен:

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ