Фото Depositphotos
Ұлттық банк доллар бағамы бойынша тағы бір мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 5 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ долларына шаққанда 512,52 теңгеге дейін барды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 миллионнан 262 миллион АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі - 5,5 млрд АҚШ доллары.
"Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қарашада Ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі - жалпы сауда-саттық көлемінің 23 пайызы және күніне 60 миллион АҚШ долларынан аспайтын мөлшерге жетті. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді", - деп жазылған хабарламада.
Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк Ұлттық қордан 800 млн-нан 900 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
"БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін 2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі валюталық түсімнің 50%-ын міндетті түрде сатуы туралы норма қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық Банк шілдеде Үкіметтің Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтау үшін және осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық Банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.
Қарашада аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 133,8 млн АҚШ долларын құрады. Осылайша, қарашада «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу бойынша мәмілені шығару аясында валюта сату аяқталды.
Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныс артқаны, соның ішінде айырбас бағамының психологиялық деңгейін еңсеру аясында ұсыныстың да шектелгені байқалды.
Бірқатар іргелі факторлар нашарлағандықтан, тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін, теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеп, шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін 15–28 қараша аралығында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 1 047 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді.
Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.
Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.