05 жел, 2024 сағат 14:11

Музейге баратын қазақстандықтардың саны пандемияға дейінгі деңгейге әлі жетпеген


Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform


Мәдениет және ақпарат министрлігі музейлер мен тарихи-мәдени нысандарға баратын қазақстандықтардың санын көбейту  жоспарын орындай алмаған. Бұл туралы ведомствоның есебінде айтылған.


«Ұлттық статистика бюросының статистикалық деректері бойынша 2023 жылы музейлер мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне барушылар саны 6 255 900 адам болды. 2019 жылы жылы бұл көрсеткіш 6 829 300 адам болған еді, яғни 8,4% аз», - деп жазылған мәліметте.


Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған Даму жоспары бойынша 2023 жылы музейге барушылардың саны 2019 жылғы деңгейден 2% көп болуы керек еді. Осылайша жоспар орындалмай қалған.


Ресми статистикаға сенсек, пандемиядан кейінгі алғашқы үш жылдың көрсеткіші мынандай:


2020 жылы – 2 351 300 адам,
2021 жылы – 5 104 900 адам,
2022 жылы – 6 097 300 адам.