Фото: patch.com
Биыл қыркүйекте Астана қаласында пәтер жалға алу бағасы 2023 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 14 пайыз өсті. Жалға алу бағасы әсіресе 2024 жылдың маусым айынан бастап қымбаттаған. Экономистер бағаға әсер ететін ішкі және сыртқы бірнеше фактор барын айтады. Жылжымайтын мүлік сарапшылары болса мұндай өсімнің елордалық студенттердің қаржылық жағдайына кері әсері бар деп топшылайды.
18 жастағы Аяжан Тұрсынхан Maqsut Narikbayev University-де “Қонақжайлылық” мамандығы бойынша бірінші курста оқиды. Астанаға небәрі үш ай бұрын келген ол қыркүйекте туысының үйінде тұрғанын айтады. Бірақ кейін белгілі бір себептермен ол жерден кетуге мәжбүр болған. Сөзінше, небәрі он екі сағаттың ішінде шұғыл түрде жаңа баспана табуына тура келген.
“Үйді бірнеше критерий бойынша іздедім. Нұра және Есіл аудандарына ерекше мән бердім. Себебі пәтердің университетіме жақын орналасуын қаладым. Бірақ бұл қиынға соқты, оқу орныма жақын үй таба алмадым”, – деді ол.
Аяжан пәтерақыны жалғыз өзі төлей алмағандықтан, бірлесіп тұратын адам іздеген. Бөтен адаммен бірге тұрудың түрлі қиындығы бар екенін түсінсе де, қаржылық тұрғыдан тиімді жол таңдаған.
“Уақыт тығыз болғандықтан, университетімде үшінші курста оқитын студент қыздың ұсынысына назар аудардым. Оның өзінің пәтері бар, сол себепті бірге тұратын қыздар іздеп жүрген екен. Сөйтіп мен келістім”, – дейді студент.
Пәтер үшін Аяжан айына 110 000 теңге төлейді. Оқуымен қатар аптасына екі күн жұмыс істейді. Жалақысы шамамен 130 000 теңге. Өзінің айтуынша, тұрмыстық жағдайы қиындаған.
“Шыны керек, үй жалдап, күнделікті азық-түлік алу маған қаржы тұрғысынан ауыр тиді. Дегенмен жалақымнан тыс шәкіртақым да түсіп тұрады. Кейде анам да көмектеседі”, – дейді ол.
Астанада пәтер жалдау бағасы қандай?
Ұлттық статистика бюросы жыл басынан бері әр өңірде үй жалға алу құны қалай өзгергені жөнінде ай сайын есеп жүргізеді. Осы ашық дереккөзге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар айында елордада пәтер жалдау құны бір шаршы метрге 4140 теңгені құраған. Ақпан айында 4165 теңге, наурызда 4184 теңге, сәуірде 4185 теңге болса, қыркүйекте 4680 теңге, ал қазанда 4623 теңгеге жеткен.
Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын Krisha.kz сайтының мәліметінше, 2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда үй жалға алу бағасы өскен. Бұл үдеріс шілде мен тамыз айларында жалғасып, республика бойынша орта есеппен 11,5 пайыз қымбаттаған.
Бірақ кейін қыркүйекте пәтер жалға алу бағасы аздап тұрақтаған. Бұған ішкі факторлар, яғни студенттерге арналып жаңадан салынған жатақханалар мен оларға көмек көрсету орталықтарының ашылуы негіз болған. Сонымен қатар Ресей азаматтарының ағымы былтырғыға қарағанда біршама азайғаны да әсер еткен.
Қазақстан бойынша қыркүйекте үй жалға алудың орташа бағасы тамыз айымен салыстырғанда өзгермеген, яғни бір шаршы метр 3632 теңге болып қалды. Ең қымбат пәтер жалдау ақысы Алматыда болса (6000 теңге), ең арзан баға Ақтауда тіркелді (2800 теңге).
Ал 2023 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда, Алматы қаласында пәтер жалдау бағасы төрт пайыз арзандаған. Бірақ басқа өңірлерде баға керісінше қарқынды өскен. Петропавл мен Шымкентте 21 пайыз, Атырауда 16 пайыз, Астанада 14 пайыз және Оралда 11 пайыз қымбаттаған. Орта есеппен бір жыл ішінде жалпы мемлекет бойынша пәтер жалдау бағасы 8,2 пайыз өскен.
Datahub аналитикалық арнасының дерегіне сәйкес, Астана қаласында үй жалға алу бағасы Алматы қаласымен салыстырғанда арзанырақ. Қыркүйек айында айырмашылық 12,8 пайызға жетті. Осы баға көрсеткіші бойынша елорда соңғы рет Алматы қаласынан 2022 жылдың мамыр айында асқан.
Жылжымайтын мүлік сарапшысы Төлеген Өмірзақов Астана қаласында үй жалдау бағасы үйдің сапасы мен орналасқан ауданына байланысты құбылып тұрады деді.
“Орта есеппен бүгін елорадада бір бөлмелі пәтер жалдау құны 100 000 мен 170 000 теңгенің арасында болса, екі бөлмелі үй жалға алу 180 000 мен 250 000 теңгеге дейін баруы мүмкін”, – деп болжайды сарапшы.
Krisha.kz сайтының дерегінше, Астана қаласында бір бөлмелі үйді 200 000 теңгеге, екі бөлмелі үйді 280 000 теңгеге және үш бөлмелі үйді 420 000 теңгеге жалдауға болады. Бұл – медианалық көрсеткіш.
Сарапшы, сондай-ақ, пәтер бағасы маусымаралық кезеңдерде өзгеретінін тілге тиек етті.
“Әсіресе жаз айларында, оқу жылы басталар кезде студенттер Астанаға көптеп келе бастайды. Сұраныс үлкен болғандықтан, пәтер жалдау құны да қымбаттайды”, – деді Өмірзақов.
Үй жалдау бағасының өсуіне не себеп?
Қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов Астана қаласында пәтер жалдау бағасының өсу себептеріне қатысты бірнеше факторды келтірді.
“Ішкі факторларға тоқталсақ, күз мезгілінде басқа қалалардан келетін студенттер өте көп. Бұл ішкі миграция қарқынының өсуіне алып келеді. Баспанаға сұраныс көбейгенімен, ұсыныс өте аз болып тұр. Әсіресе сапасы жақсы пәтерді табу студенттер үшін қиынға соғады”, – дейді ол.
Сонымен қатар қаржыгер-экономист бағаға әсер ететін сыртқы факторлардың бірі инфляция екеніне тоқталды.
“Инфляция деңгейі өскен кезде, барлық зат қымбаттайды. Нақ осы жағдайда құрылыстың да, құрылыс материалдарының да бағасы қымбаттайды. Сондықтан үй иелері пәтерге жұмсалған қаражатты қайтару мақсатында жалдау құнын өсіреді”, – деді Рысмамбетов.
Фото: bitkogan.com
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қазан айына қарай Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,5 пайызға жетті. Бір жыл ішінде орташа республикалық деңгейден асатын инфляция он өңірде қалыптасқан. Олардың ішінен ең жоғарғылары – Астана қаласында (10,2%), Маңғыстау облысында (9,7%), Алматы қаласында және Батыс Қазақстан облысында (9,4%-дан) анықталды.
Ал экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, пәтер жалдау бағасының қымбаттауына билік басында отырған адамдардың табысы тікелей әсер етеді.
“Ақша массасы көбейген. Биліктегі азаматтардың жалақысы өсіп жатыр, үлкен квазимемлекеттік кәсіпорындардың да табысы өсіп жатыр. Билік басындағы адамдардың қаражаты көп болғандықтан, олар үй жалға беру бағасын қымбаттатуға әрекет етеді. Кейін жалға берушілер де өзге адамдарға қымбат бағамен сатады. Үй салушылар мен жалға берушілердің арасында олигархтар көптеп кездеседі, ал олар өз мүддесін, өз табысын ойлайды”, – дейді сарапшы.
Экономист Ғалымжан Керімбектің айтуынша, шетел азаматтары елде көп, олар ұзақ мерзімге келетіндіктен, қонақ үйлерде емес, пәтер жалдау арқылы тұрақтайды.
“Мысалы құрылыс саласында жұмыс істеуге Өзбекстан, Қырғызстаннан азаматтар келеді. Сөйтіп сұраныс көбейген сайын баға қымбаттайды. Сондай-ақ басқа қалалардан білім іздеп келген жастарды айтуға болады. Олардың бәріне жатақханада орын беріле бермейді. Сондықтан олар жалдауға пәтер іздей бастайды. Солай баға да өседі”, – дейді экономист.
Сондай жастардың бірі – Ұлжан Жангелдіқызы. Ол Maqsut Narikbayev University-де аударма ісі мамандығында екінші курста білім алып жүр. Ұлжан бірінші курста университет берген жатақханада тұрған. Алайда келесі жылы ол жерден шығуына тура келді.
“Себебі екінші курстарға тек белгілі бір квоталардың көмегімен ары қарай тұра беруге рұқсат береді. Сондай-ақ орын саны шектеулі болғандықтан, бірінші курстарға бөлмелерді босату керек болды. Жатақханадан шыққан соң, мен университет беретін хостелге көштім”, – дейді ол.
Егер Ұлжан пәтер жалдайтын болса, ай сайын кем дегенде 50 000 теңге төлейтін еді. Мұның өзі – коммуналдық төлемдерді есептемей тұрғандағы баға. Оның үстіне басқа адамдармен бірігіп тұру қажет болады. Сөзінше, оның тұрмыстық жағдайы мұны көтермейді.
“Сондықтан хостел мен үшін ең ұтымды нұсқа болды. Бұл жерде адам санына қарай бөлме таңдай алдым. Айына 40 000 теңге төлеймін және бұл бағаға бәрі кіреді: коммуналдық төлемдер мен интернет. Онда бір, екі, үш, төрт, бес адамға арналған бөлмелер бар. Ең бастысы өзімді қауіпсіз сезінемін, себебі хостел жан-жақты қоршалған, күзетшілері бар”, – деді студент.
Фото: astanait.edu.kz
Елордада студенттер үшін пәтер жалдау қолжетімді ме?
Астана қаласында жұмыс істейтін риэлторлардың мәліметінше, жастар, әсіресе студенттер пәтерді жиі іздейді. Көбінесе олар сол жағалауды, Есіл мен Нұра, сонымен қатар, Алматы және Сарыарқа аудандарындағы пәтерлерді қарастырады. Инфрақұрылымның жақсы болуына әрі қоғамдық көліктің қолжетімділігіне де мән береді.
Риэлтор Төлеген Өмірзақовтың айтуынша, жалдау бағасы қымбат әрі студенттердің қосымша табысы аз болғандықтан, үй жалдау олар үшін аса қолжетімді емес. Көбі жалдап жүрген пәтерлерінде бірнеше адам болып бірігіп тұрады немесе қаланың сыртқы жақтарынан үй іздеуге мәжбүр болады.
Мысалы 22 жастағы Ақтоты Зағыппар екі бөлмелі пәтерде бір қызбен бірге тұрады. Ол Назарбаев университетінде магистратурада оқиды. Мамандығы – жоба менеджменті. Пәтер жалдап жүргеніне екі ай болған. Айына әрқайсысы 70 000 теңгеден төлейді.
“Пәтер іздегенде Есіл ауданынан, яғни университетіме жақын аймақтан іздедім. Негізі мен үшін бұл процесс өте қиын болды. Өйткені OLX және Krisha.kz сайттарында үй иелерін табу мүмкін емес, ол жерде тек агенттіктердің ұсыныстары тұрады. Өтірік пәтердің суреттері мен өтірік бағаны қойып, солай адамдарды алдайды екен. Ол жарнама үшін жарияланған пәтер деп, қазір сізге басқасын тауып береміз деп, 5000-10000 теңге сұрайды. Сосын бағасы екі есе қымбат, ремонты жоқ пәтерлер ұсынады. Мұнымен қоса бағалар тым көтеріліп кеткен, пәтердің сапасына мүлдем сәйкес келмейді”, – дейді Ақтоты.
Ол магистратура студенті болғандықтан қосымша жұмыс істейді, пәтер төлеуге және күнделікті тамағына қаражаты жетеді. Дегенмен жалақысы үлкен емес болған соң, оның шамамен жартысы үй жалдауға кетеді.
Экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, жастардың табысы пәтер жалдап тұруға мүмкіндік бермейді.
“Жастар әдетте 200000 теңгеге жұмыс істейді, пәтерге айлығының шамамен 60 пайызын жұмсайды. Бұл мәжбүрліктен туындап тұр. Өйткені өңірлерде жұмыс аз, бәрі мегаполистерде істеп, оқығысы келеді. Мемлекет тарапынан мұны реттеуге болар еді”, – дейді Жобаев.
Сарапшының сөзінше, елде бәрін бір ортаға жиып қою мәселесі бар. Егер өзге өңірлерге көбірек оқу орындары мен пәтерлер салынғанда, жастар бір қалада жиналмас еді деп есептейді. Нәтижесінде баға да қымбаттамасын тілге тиек етеді.
Ал қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, бұл жүйе 2000-жылдардан бері әлі өзгермеген. Яғни жастарға үй жалдау ақысын төлеу үшін көп нәрседен бас тартуға тура келеді.
Риэлтор Камила Маратқызы студенттер пәтер іздеген кезде бірнеше қиындыққа тап болады, дейді. Мысалы жалға берушілердің сеніміне кіру қиын.
“Көп жағдайда пәтер иелері жас жігіттерге жалға бергісі келмейді. Олардың ойынша, ұл балалар үйдің ішіндегі жиһазды құртып, көршілерге маза бермейтін болады, сондай-ақ қыздармен салыстырғанда өте салақ болады деген таптаурындар қалыптасқан”, – дейді Маратқызы.
Мұндай жағдай Астана IT университетінің екінші курс студенті Аян Қартқожақовпен болған. Ол бірінші курста оқып жүргенде университет берген жатақханада тұрған. Айына 30 000 теңге төлеген. Бірақ екінші курста орынды босату керек болған соң пәтер іздей бастағанын айтады. Қазір досымен бірге пәтер жалға алып тұрады.
“Айына 180 000 теңге төлейміз. Пәтер іздеу барысында бірқатар қиындықтарға тап болдық. Жалға берушілер әдетте жігіттерге пәтер беруден жалтарады. Біз бір емес, екі жігіт болғандықтан, көбі бізге үй бергісі келмеді. Сонымен қатар өз жұмысына 50 000 теңгеден сұраған риэлтор-алаяқтар да көп болды. Сөйтіп пәтерді екі ай бойы іздеп, әрең таптық”, – деді Аян.
Ол сабақ оқумен қатар жұмыс істейді, бірақ жалақысы 50000 теңге ғана, сол себепті ата-анасы көмектеседі.
Finprom.kz аналитикалық порталының ақпараты бойынша, мегаполистерде тұратын жастар үшін жергілікті әкімдіктер сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын әзірлеген. Оған Алматыда, Астанада немесе Шымкентте тұрақты тіркелген және айына кемінде 40 АЕК (немесе 147,7 мың теңге) жалақы алатындар ғана қатыса алады. 35 жасқа дейінгі жастар осы бағдарламаға қатысу арқылы үш жыл бойы айына 15 мың теңгеден аспайтын жалдау ақысын төлеп, ипотека бойынша бастапқы жарнаны жинай алады.
“Мемлекет тарапынан көмек берілмейді деп айта алмаймыз. Бірақ бұл көмек әзірге тек тамшы есебінде болып тұр. Бағдарламалар бәрібір жетіспейді. Сондықтан бізге шет елдерден үлгі алу керек”, – дейді экономист Ғалымжан Керімбек.
Finprom.kz-тың дерегінше, АҚШ-та 80 жылдан астам уақыт бойы “Section 8 housing” бағдарламасы жұмыс істейді. Оның шарттарына сәйкес, табысы төмен отбасылар, қарттар мен мүгедектігі бар адамдар тұрғын үй ваучерлерін ала алады және олардың көмегімен жалдау ақысын толық немесе ішінара төлей алады. Ол үшін кезекке тұрып, жалақыға қатысты құжаттарды өткізу қажет.
Сол сияқты Германияда да “Wohngeld” атты ұқсас бағдарлама іске қосылған. Бұл – айлық табысы белгілі бір деңгейге жетпеген жалға алушыларға берілетін жәрдемақы. Ол жалдау бағасының 50 пайызын төлеп беруге бағытталған. Жылына 600 мыңнан астам адам мұндай жәрдемақы түрін пайдаланады. Олардың қатарында студенттер, қарттар, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты ата-аналар бар.
Дариға Асаниязова