12 жел, 2024 сағат 18:05

Министрлік сирек кездесетін және 1 миллионнан жоғары жалақы төленетін мамандықты атады

Фото: Pexels.com

Қазақстанда жоғары жалақысына қарамастан геолог мамандардың тапшылығы әлі де байқалады. Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ақбаровтың айтуынша, геологиялық кадрлардың басым бөлігі қазір аға буын өкілдерінен құралған.

«Биыл біз шамамен 3 мың студент дайындадық. Алайда геолог мамандардың тапшылығы әлі де сезіледі. Өйткені бізде жер қойнауын барлау жұмыстары қарқын алуда, сол себепті геолог мамандығын насихаттау жұмыстарын жүргізудеміз. Жыл сайын «Жас геолог» олимпиадасы өткізіледі, онда жетекші үш жоғары оқу орны үш гранттан ұсынады», – деді Ақбаров ОКҚ брифингінде.


Геология комитетінің төрағасы геолог мамандарға жыл сайынғы қажеттілікті де атап өтті.

«Кадр тапшылығы әсіресе кейбір өңірлерде, мысалы, елдің шығысында ерекше байқалады. Онда да белсенді барлау жұмыстары жүріп жатыр. Біздің геологтар, негізінен, аға буын өкілдері, бірнеше ұйымдарда жұмыс істейді. Геологтарға жыл сайынғы қажеттілік 2 мыңнан астам маманды құрайды. Негізінен жер қойнауын пайдаланушылар тәжірибелі геологтарды жұмысқа алғысы келеді. Кейбір ірі компаниялар жас мамандарды тәрбиелеп, дайындайды, ал шағын компаниялар тәжірибелі мамандарды талап етеді», – деді ол.


Ерлан Ақбаров геологтардың жалақысын да атап өтті, оның айтуынша, бұл салада жалақы өте бәсекеге қабілетті.

«Қазіргі уақытта геолог мамандығы еліміздегі ең жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі болып табылады. Тәжірибелі геологтың ең төменгі жалақысы 1 миллион теңгеден асады. Ал жас геолог шамамен 300 мың теңгеден кем алмайды деп ойлаймын», – деп қорытындылады Ақбаров.