Фото: stock.adobe.com
Кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында Қытай сайттарынан түрлі заттарға онлайн тапсырыс беру жиіледі. Себебі жеткізу қызметі жылдамдатылған және онлайн тауардың сан-алуан түрін табуға болады. Мұның әсерінен елдің ішкі нарығындағы кей кәсіпкерлер саудасы жүрмей қалып жатқанын айтады. Сарапшылар Қытай маркетплейсі Қазақстан нарығындағы өктемдігін жалғастыра берсе, елдегі шағын және орта кәсіпкерлердің көбі жабылып қалуы да мүмкін дейді.
Қазақстандықтар арасында әсіресе Pinduoduo.com, 1688, AliExpress, Alibaba.com, Taobao, Dhgate сияқты ірі маркетплейстер аса танымал. Көп жағдайда тапсырыс берілетін заттар қатарына киім-кешектен бастап, тұрмыстық техникалар, аксессуарлар, бөлшек заттар жатады.
Pinduoduo.com сайты 2015 жылы негізі қаланған электронды коммерциялық платформа. Ақпарат көздері бұл электрондық коммерция кірісі биыл 12 миллиард АҚШ долларына жеткенін хабарлады. Өткен жылмен салыстырғанда 131 пайызға өскен. Pinduoduo мұны өзінің онлайн маркетингтік қызметтерінің көмегімен артқан сұраныспен байланыстырды.
2024 жылдың бірінші тоқсанындағы операциялық кіріс 3,6 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 275 пайызға өскен. Pinduoduo компаниясының Қазақстан нарығында қанша пайда тапқандығы жайында нақты мәлімет жоқ.
Ал Freedom Finance Global зерттеуіне сүйенсек, Pinduoduo.com танымал интернет алаңына жатады. Деректерге сәйкес, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 12,4 пайызы бұл платформаны жиі пайдаланатынын жеткізген. Сонымен қатар олар маркетплейстен айына 2-3 рет ( 29,3%) тапсырыс беретіндерін жасырмаған. Бұдан бөлек Pinduoduo.com «ең тиімді бағаны табу мүмкіндігі» категориясында платформалар арасында көш бастап тұр.
Фото: kasharynews.ru
Шетелдік э-коммерцияның ішкі нарыққа әсері қандай?
Алматыдағы кәсіпкерлер шетелдік онлайн дүкендердің ешкі нарыққа әсерін COVID-19 пандемиясы кезінде сезіне бастағанын айтады. Мәселен, Кенжахан-1 базарында 10 жылдан бері киім-кешек сататын Айнаш Құлметованың айтуынша, онлайн дүкен тауарлары Алматыға тіпті тез жеткізіледі, шамамен, орташа 6-10 күнде келеді. Оның айтуынша, сол себептен Алматы тұрғындары кейінгі жылдары базар жағалауын азайтқан.
«Онлайн тапсырыс беру пайда болғалы бері базарда сауда азайғанын бәріміз мойындауымыз керек. Қазір көбіне тек егде адамдар зат сатып алады», – дейді 52 жастағы сатушы.
Ал сырт киімдер сататын Сәуле Абдирова адамдардың оның дүкеніне тек суретке түсіру үшін келетінін айтады.
«Адамдар күртешелердің бағасын біле салысымен ұялы телефондарын шығарып, тауарларды фотоға түсіре бастайды. Сосын сол суреттерді Pinduoduo сайтына жүктейді. Ол жерден дәл менің дүкенімдегідей киімдер өте арзан бағада шыққанын көрсетіп, бағасын түсіруді сұрап жатады», – дейді саудагер.
Саудагерлердің айтуынша, бұл өте жиі кездесетін құбылыс.
Қазақстандық бизнес өкілдері шетелдік э-коммерцияның ел нарығына кіргенін экспансия деп атап, оларға қатысты шара қолдануға шақырады. 30 тамызда QazTech технологиялық компаниялар альянсы ұйымдастырған жиында сөйлеген шағын және орта кәсіп өкілдері үкіметтен қазақстандық бизнесті қорғап, шетелдік маркетплейстермен әділ бәсекелестікті қаматамасыз ететін заң қабылдауды сұрады.
Жиынға қатысқан Қазақстандағы интернет-дүкендердің бірінің директоры Қытай онлайн дүкендерінен келетін кейбір тауарлар шекарадан фиосанитариялық тексеруден де өтпей жіберіле беретінін айтты. Оның сөзінше, бұл тауар импорттаушыларға бірдей мүмкіндік тудырмайды.
Алматылық кәсіпкер Керімжан Үрістембек «Күлтегін» подкастына берген сұқбатында Pinduoduo үрдісі осылай жалғаса берер болса шағын кәсіпорындарды құртады деген ойын жеткізді. Сөзінше осы уақыттан бастап бақылау жасалмаса, халықтың әл-ауқатына әсер етеді.
Ал Қарақат Дарқанқызы керісінше Pinduoduo-ның пайдасы жайлы сөз етті. Ол өз мақаласында Pinduoduo тауарлары қытай мәдениетінің элементтерін қамтитынын айтады. Яғни қосымшаны қолдану арқылы Қазақстан мен Қытай арасы мәдени құндылықтармен алмасатынын жазған. Сонымен қатар тауарлар бағасының аздығы Қазақстадағы әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті азайтуы мүмкін екендігі туралы да айта өтті.
«Арзан және сапалы өнімдердің қолжетімділігі төмен табысты халық топтарына көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді ол өз мақаласында.
Finprom.kz ресурсының жазуынша, Қазақстан нарығындағы Wildberries және Ozon платформалары Қазақстанда ресми өкілдігі бар, ал қытайлық Pinduoduo мен Temu дүкендері елде тіркелмеген. Ресурс онлайн-дүкеннің Қазақстанда тіркелмей істеуі ел экономикасына да, тұтынушыларға да кері әсерін тигізеді деп жазады.
“Біріншіден, платформа елде тіркелмесе, ол ел бюджетіне төлем жүргізбейді, яғни баж не табысынан түсетін салықты төлемейді… Одан бөлек бұл тауарды импорттағанда салық төлейтін елдегі шағын және орта бизнеске кері әсер етеді”, – деп жазды Finprom.kz.
Сондай-ақ, маркетплейс ресми елде тіркелмесе, тұтынушылар қызмет сапасына қанағаттанбағанда шағымданып, не ақшасын қайтарып ала алмай қалатыны тағы бар.
Фото: kitau.ru
Уақытша ісі тоқтаған Pinduoduo
Қолданыстағы жақсы көрсеткіштерге қарамастан, 19 қазанда Pinduoduo барлық ресми онлайн тасымалдаушылардың жұмысын тоқтатты деген ақпарат тарады. Ал мемлекеттік Qazpost компаниясының мәліметінше, маркетплейс тасымалдаушылар жұмысын уақытша жетілдіруге байланысты тоқтатылған. Жұмыс қашан қалпына келерін сол кезде нақты айта алмады.
Сол күннен қытайлық ресурсқа үйреніп қалған қазақстандықтар онлайн тапсырыс бере алмай қалғанын талқылай бастады. Олар егер қосымшада тауар таңдау батырмасын бассаңыз «бұл мекенжайға жеткізу мүмкін емес» деген жазу пайда болады, дейді.
Талдықорғандық Мерей Серікқызы маркетплейстің істен шыққаны туралы естігенде көңілі түсіп қалғанын жасырмады. Ол 2022 жылдан бері Pinduoduo.com сайтының тұрақты сатып алушысы екен. Дүкеннен өзінің күнделікті тұрмысына қажетті заттарға тапсырыс беріп отырған. Мерейдің айтуынша, өзі орналасқан Талдықорған қаласына тапсырыстары 10-12 күн аралығында қолына тиеді екен.
«Мен киім-кешектен бастап, ұсақ-түйек заттарға дейін осы сайттан тапсырыс беріп келдім. Маған ұнайтыны қолжетімді бағаларды айтпағанда, сайтта таңдаудың өте кеңдігі. Сайт ендігәрі жұмыс істемейді дегенде жабырқап қалдым. Себебі арзан баға мен ерекше заттарға қатты үйреніп қалғанмын», – дейді 26 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны.
Алматы қаласындағы Сәния Болатбек те Қытай сайтының қолданушысы. Ол да осы уақытқа дейін 3 жыл көлемінде үздіксіз керек затын Pinduoduo-дан алып жүрген.
«Қытай дүкендері саудасын тоқтатар болса, оның баламаларын табу қиын емес. Қазір Wildberries, Kaspi.kz сияқты платформалардан да қалағаныңызды таба аласыз. Тек бағасы мен сапасы өзгелеу болады. Ал одан бөлек сатып алған затыңыз да қолыңызға пиндуодуодан қарағанда тез тиеді», – дейді ол.
Сәния кейде арзандығына қызығып алған қытай заттарының сапасы өте нашар болатынын да атап өтті.
Ал 12 қараша күні QazPost қызметі Pinduoduo арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі қайта іске қосылғанын мәлімдеді. Қазақстандықтар қытайдан тапсырыс беретін тауарының әр килограмына 3,7 доллардан төлейтін болады.
Жайна Тұрарбек